Әлемде роботтар әр салада қолданылып жатыр
Робот адамның бүйрегіне операция жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ал Швейцарияда құлтемір су астында түрлі іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізеді. Испан ғалымдары болса, өнер туындыларын бағалайтын робот ит ойлап тапты.
Су астында еркін жүретін робот
Швейцария ғалымдары сүңгуір робот жасап шығарды. Құлтемір қауіпті іздестіру-құтқару шараларын жүргізуге арналған. Аппарат экстремалды жағдайда да жұмыс атқара береді. Озық камера және дыбыстық құрылғылармен жабдықталған робот үлкен аумақта өзін еркін сезінеді. Ол су түбінен 40 келі жүкті алып шығуға қауқарлы.
Йонас Вюст, Tethys Robotics компаниясының бас директоры:
- Бұл роботқа су астындағы нысандарды анықтау үшін орнатылған жүйе жасанды интеллект арқылы құрастырылған. Осы бағдарламаның көмегімен құлтемірді кез-келген жғдайда тоқтатып, қоршаған ортаны картаға түсіруге болады. Бұл оның автономды қозғалуына да мүмкіндік береді.
Хирург робот
Ал Лондондағы аурухананың бірінде Хьюго есімді хирург робот пайда болды. Үш қолды аппарат оташының басқаруымен жұмыс істейді. Оның бір қолы камерамен монитор қызметін атқарса, қалған екі қолы кескіш пен қысқыш ретінде қолданылады. Мамандар бірегей құлтемір науқастарды жылдам емдеуге көмектесеріне сенімді.
Бен Чаллакомб, хирург:
- Хьюгомен жүргізген операциямыз сәтті өтті. Робот өзіне жүктелген барлық міндетті жақсы атқарып шықты. Мұндай құлтемірлер келешекте еліміздің денсаулық сақтау саласында маңызды роль атқарарына сенімдіміз.
Өнерді сынайтын робот
Испания астанасы Мадридтегі көрменің бірінде өнер туындыларын сынайтын құлтемір ит пайда болды. Бұл робот картиналарды жасанды интеллекттің көмегімен сараптайды. Құлтемір суретті көзіне орнатқан камера арақылы қабылдап, содан кейін оны Чат Джи Пи Ти көмегімен ой иелігінен өткізеді. Жоба авторлары бұл өнерді төмендету емес, керісінше, оны бағалауда жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін бағамдап көру деп отыр.
Авторлары: Дәурен Аашұлы, Сандуғаш Байқуаныш.