Корея халқы жаппай тұз сатып алып жатыр
Оңтүстік Корея халқы жаппай тұз сатып алып жатыр.
Жаз басталғалы оның бағасы 27 процентке өскен. Бұл Жапония билігінің шешімімен байланысты. Тұздың қымбаттауына жапондықтардың қатысы қанша?
Оңтүстік Кореяда кейінгі уақытта теңіз өнімдерінің бағасы айтарлықтай өскен. Тұз да күрт қымбаттап кетті. Өйткені сұраныс жоғары. Мәселе мынада. Жақында Жапония билігі 2011 жылғы цунами кезінде қираған Фукусима-1 атом электр станциясының суын мұхитқа ағызуы тиіс. Екі ел теңіз арқылы шектеседі. Сондықтан Оңтүстік Корея тұрғындары алдағы уақытта су, тиісінше теңіз өнімдері де ластануы мүмкін деп қауіптенеді. Тұзды жаппай сатып алуының себебі де осы.
Хюн Ёнгиль, теңіз тұзын сататын дүкен иесі:
- Кейінгі күндері тұзға деген сұраныс 40-50 процентке өсті. Менде тауардың көп бөлігі сатылып кетті. Аз қалды. Қазір жаңа жеткізуді күтіп отырмын. Тұздың қоры таусылды. Басқа өнімнен уақытша бас тартуға болады. Алайда тұзды қалай тұтынбайсыз?
Десе де, жергілікті билік бағаның өсуіне ауа райының қолайсыздығы әсер еткенін айтады. Сонымен қоса тұрғындарды судың ластануына қатысты алаңдамауға шақырады. Өйткені радиация деңгейі өлшеніп отыратынын айтады. Оның үстіне Фукусимаға жақын сулардан теңіз өнімдерін кіргізуге тыйым салынған. Алайда бұған тұрғындардың сенгісі жоқ.
БЛИЦ
- Атом электр станциясының сулары теңізді ластайды. Оның үстіне теңіз өнімдері мен тұздың бағасы да одан әрі өсетініне күмәнім жоқ.
- Мен тұзды көп тұтынбаймын. Десе де, билік бұл мәселені жіті қадағалауы тиіс. Біз солай істесек, жапон басшылығы үндемей отырады деп ойламаймын.
Фукусима-1 атом электр стациясының бір миллион тоннадан астам суын теңізге ағызу туралы шешім 2 жыл бұрын қабылданған. Бұл цунами кезінде зақымданған нысанды істен шығару үшін қажет. Жапондық шенеуніктер онда радиоактивті заттар жоғын айтады. Өйткені су арнайы тазартудан өтеді. Десе де бұған Оңтүстік Корея жұрты қарсы. Олар тиісті мәселе бойынша талай мәрте ереуілдер ұйымдастырған. Наразы топты балықшылар да қолдап отыр. Жүргізілген сауалнама нәтижелері көсретіп отырғандай, Оңтүстік Коеря тұрғындарының 85 проценті жапондықтадың бастамасын құптамайды. Ал он адамның жетеуі денсаулығына алаңдап, теңіз өнімдерін тұтынбайтынын айтып отыр.
Жұлдыз Атагельдиева