Соңғы 20 жылда әлемде қандай ірі орман өрттері болды?
Әлемде климаттың өзгеруінен орман өрті көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ал 2050 жылға қарай жаһандағы қызыл жалын көрсеткіші 30%-ке артуы мүмкін. Деректі БҰҰ келтірді. Соңғы 20 жылда жер жаһанда қандай ірі орман өрттері болды?
Жаңа ғасыр басталғалы әлемнің ондаған мемлекетінде алапт орман өрті тіркелді. Солардың қатарына биылғы жылғы Канададағы ахуалды қосуға болады. Қаңтар айынан елде 2 мыңнан аса алқап өртке оранып, 4,5 миллионға жуық гектар жер жанып кетті. Табиғат апатынан 100 мыңнан аса адам эвакуацияланған. Қазірдің өзінде елдің батысынан шығысына қарай созылған 10-ға жуық провинцияда 400-ден аса алқап от құшағында. Тілсіз жаумен мыңдаған өрт сөндіруші күресіп жатыр. АҚШ, Австралия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка, Испания, Франция жүздеген маманын аттандырды. Бірақ жалынды ауыздықтау қиынға соғып отыр.
2019-2020 жылдары Австралия да алапат орман өртін бастан кешті. 2019 жылдың шілде айында аптап ыстықтан Жаңа Оңтүстік Уэльс аймағындағы ормандарды өрт шалады. Күзде қызыл жалын тіпті күшейеді. Сөйтіп, лаулаған от 2020 жылдың ақпан айына таман бірақ сөндіріледі. Табиғат апатынан 20 миллион гектар жер күлге айналды. 34 адам қаза болды. Жүздеген үй жанып кетті. 1 миллиардтан аса аң-құс қырылып қалды.
2017 жылы Португалияда да дәл осындай жағдай тіркелді. Маусым айында аптап ыстықтан елдің орталық бөлігіндегі орман өртке оранады. Тілсіз жаумен күреске 5 мың өрт сөндіруші жұмылдырылады. Алайда «Офелия» дауылынан өрт күшейіп, елді мекендерге жетеді. Салдарынан табиғат апатынан 66 адам көз жұмып, 200-ден аса тұрғын жарақат алды. Лаулаған жалын тек бірнеше аптадан кейін бірақ сөндіріледі.
Аптап ыстықтан 2010 жылы Ресейдің еуропалық бөлігінде де алапат орман өрті болды. Жауын-шашынның жоқтығынан көрші елдің орталығындағы 20 аймақта алқаптар отқа оранды. Лаулаған өрт 2 айға созылып, 1 милионнан аса гектар жер күлге айналды. 2,5 мың үй мен ғимарат өртеніп, 60 адам көз жұмды. Тілсіз жаудан ел эконмоикасына 375 миллиард долар шығын келді.
Авторы: Дәурен Ақашұлы.