Оңтүстік Корея қоқыс дағдарысына тап болды
Елде қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар жеткіліксіз.
Ал 2026 жылдан бастап қоқысты жерге көмуге тыйым салатын заң жобасы күшіне енеді. Құжат қоқысты жағуға ғана мүмкіндік береді. Сеулдегі экологиялық көрмеде осы мәселені шешуге мүмкіндік беретін жаңа технологиялар ұсынылды.
Сеулдегі және Кёнги провинциясындағы қайта өңдеу зауыттары толық қуатында жұмыс істейді. Қоқыс, әсіресе пластик көбейген. Өйткені пандемия кезінде азық-түлікті үйге жеткізуге тапсырыстар көбейді. Мамандардың айтуынша, егер 2016 жылы Сеулдің әрбір тұрғыны күніне 110 грамм пластик тастаса, 2020 жылы бұл көрсеткіш екі есе көбейді. Қалдық өңдеу зауыттарында кадр тапшылығы байқалады. Көптеген жастар қалдықпен жұмыс істегісі келмейді. Алайда тегін әрі тәулік бойы қоқыс сұрыптайтын роботтар іске кірісуге дайын тұр.
Бұл робот моделі қазір Кореяның екі қаласында қалдықтарды өңдейтін зауыта жұмыс істейді. Ол минутына 60-тан 80-ге дейін пластик, алюминий және шыны бұйымдарды сұрыптайды және екі жұмысшыны алмастыра алады. Одан бөлек, робот қанша және қандай қоқысты сұрыптағанын есте сақтайтын мүмкіндікке ие.
Өздігінен жүретін қайық су сапасын бақылап, қоқыстың өзендерге түспеуін қадағалайды. Сондай-ақ, ол су бетіндегі ластаушы заттардың мөлшерін анықтай алады, жер бетінде және тереңдікте заттарды ажырата алады.
Ли Хи Тэ, ғалым:
- Су мониторингі нақты уақыт режимінде жүзеге асырылады. Сенсорлар радиоактивті ластануды анықтай алады. Қайық литий батареяларымен жұмыс істейді. Бір зарядтау 10 сағатқа немесе 35 шақырымға жетеді.
Жергілікті заңға сәйкес, 2026 жылдан бастап Сеул және Кенги провинциясында, ал 2030 жылдан бастап бүкіл Оңтүстік Кореяда қалдықтарды жерге көмуге тыйым салынады. Қоқысты тек қайта өңдеуге немесе жағуға болады. Сондықтан Сеул билігі қалдықтарды жағатын жаңа зауыт салуды көздеп отыр. Бірақ қоқыс жанған кезде ауа ластанады, ал қалдықтарды жерге көмген кезде газдар шығып қоршаған ортаға зиян келтіреді. Сеулдегі көрмеде қоқысты өндейтін экологиялық таза жабдықтар ұсынылды.
Ли Дже Хва, Биокомпания өкілі:
- Біздің жабдықтың ерекшелігі қоқысты контейнерге салған кезде газ шықпайды, иіс болмайды. Мұның сыры тамақ қалдықтарын жейтін микроорганизмдерде. Бұл құрылғы мейрамханаларда және ауыл шаруашылықта пайдалы болады. Өйткені тамақ қалдықтарын тыңайтқышқа немесе үй жануарларына арналған жем шөпке айналдыруға болады.
Кореядағы қоқысты қайта өңдеу деңгейі әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады және шамамен 87% құрайды. Бірақ жыл сайын қоқыс көлемі артып келеді. Сондықтан бұл мәселе өзекті. Билік қалдықтарды жоюдың жаңа экологиялық әдістерін іздеп жатыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян