Амазониядағы ну орманда 1 жасар бала 40 күн бойы қалай күн кешті?
«Қаралы күндер соңынан жарық күн де шығады екен», – дейді қуанышы қойнына сыймаған балалардың әкесі.
Оның айтуынша, түйнек жемісті тропикалық өсімдік - кассаво балалардың аман қалуына сеп болған.
1 мамыр Колумбияда болған ұшақ апатынан, арада 40 күн өткенде 13, 9, 4 жастағы және бар болғаны 12 айлық балақай дін аман табылды. Балалардың әкесі Мануэль Ранок қуанышына сене алар емес. Жергілікті байырғы тайпа өкілі ретінде ол періштелерін ажалдан сақтап қалған – Табиғат-Анаға алғыс айтумен болды.
Мануэль Ранок, балалардың әкесі:
- Біз джунглиге сенеміз, ол да біздің анамыз. Амазониядан радардан шығып кеткен ұшақты тауып, барша жұртты бір таң қалдырсақ, балаларды тауып, тағы таңқалттық. Барша атсалысқан жандарға алғысым шексіз! Табиғат анаға мың алғыс!
Балалардың үлкені 13 жасар Лесли Якобомбер Мукутуй әкесіне анасының шамамен төрт күн тірі болғанын айтты. Марқұм анасының балаларына айтқан соңғы сөзі: «апат болған ұшаққа жоламаңдар, кетіңдер» деген сөз екен.
Фиденсио Валенсия, балалардың ағасы:
- Екі тәулік өтті, балаларда оң өзгеріс бар. Әзірге біз олармен бұл оқиға туралы сөйлесіп жатқан жоқпыз. Психологтар сурет-терапиясы арқылы емдеп жатыр.
Төрт кішкентай бала 1,5 айдың ішінде қатты азып кеткен. Белгілі болғаны, олар жемісті тропикалық өсімдіктер мен табиғи ұнды тамаққа талғажау еткен. Дәрігерлер: «Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», – дейді. Айта кетерлігі, балалар шағын орман алқабындағы апат орнынан 5 шақырым жерде табылды.
Авторы: Сымбат Ғалымжанқызы