Еуроодақ өртпен күресті күшейтті
Кәрі құрлықта да бұрын-соңды болмаған аптап ыстық салдарынан орман өрті көбейді.
Еуропалық Одақтың төтенше жағдайларды қадағалау жөніндегі үйлестіру орталығы қалыптасқан жағдайға байланысты шұғыл отырыс өткізді. Ғалымдар мен мамандар тілсіз жауды алдын алудың жолдарын талқылады. Брюссельдегі тілшіміз толығырақ тарқатады.
Брюссельдегі ЕО Төтенше жағдайды қадағалау жөніндегі үйлестіру орталығының мамандары жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстайды. Олар кәрі құрлықта болуы мүмкін өрт туралы алдын ала болжап, ескертуге міндетті. Алайда кейбір кезде дабыл қаққан күннің өзінде тілсіз жауды ауыздықтау мүмкін болмайды.
Янез Ленарчич, Төтенше жағдайлар жөніндегі еурокомиссар:
- Үйлестіру орталығының механизмі арқылы көмек сұрау саны 2013 жылдан бастап ЕО-да және одан тыс жерде 350 пайызға өсті. Инновация, бейімделу және климаттың өзгеруіне байланысты көмек жеткізу бойынша оң өзгерістер жасалып жатыр.
Былтыр Еуропаның 700 мың гектар орманы өртеніп, қара күлге айналды. Бұл кәрі құрлық тарихында бұрын соңды болмаған оқиға. Салдарынан, Испания, Румыния және Португалия қатты зардап шекті.
Янез Ленарчич, Төтенше жағдайлар жөніндегі еурокомиссар:
- Табиғи апаттың алдын алу үшін біз одақтың 6 елінде азаматтық қорғаныс механизмін 11 бағыт бойынша үйлестіру жұмысын жүргіздік. Албаниядан Португалияға дейінгі Төтенше жағдайлар қызметкерлеріне көмек мақсатында 350 өрт сөндіруші жұмылдырылды.
Биылғы болжам да көңіл көншітпейді. Маусым басталмай жатып, сарапшылар құрғақшылыққа байланысты дала өртінің қаупі өте жоғары көрсеткіште екенін алға тартты. Жуырда Грецияның орман алқаптарында бірден екі өрт шықты. Бұдана былай ауадан өрт сөндіру операцияларына арналған резервтер екі есе ұлғайтылмақ.
Янез Ленарчич, Төтенше жағдайлар жөніндегі еурокомиссар:
- Біз бүкіл Еуропада және одан тыс жерлерде өртке қарсы жаңа қолдау тобын құрып жатырмыз. Үйлестіру орталығының қызметкерлері мен ЕО елдерінің ұлттық сарапшылары бірігіп, күресті күшейтуге көмектесуі керек. Бірақ біз тек өрт сөндірумен ғана шектелмейміз. Біз бүгін Еуропаның химиялық, биологиялық, радиоактивті және ядролық апаттарға төзімділігін арттыруды талқылаймыз.
Үйлестіру орталығының құрамында 13 стратегиялық резервтік ұшақ пен тікұшақ бар. Биыл техникалық база 28 техникамен толықты. Олардың қызметі өрт шыққан аймаққа су тасымалдау. Сонымен қатар Одаққа мүше елдердің 400 өрт сөндірушісі Португалия, Франция және Грециядағы қауіпті аймақтарға орналастырылды.
Жанат Эрнст