Климаттың өзгеруінен табиғи апат көбейеді

Американдық климатологтар алдағы үш жылда әлемде аптап ыстықтың ең жоғарғы көрсеткіші тіркеледі деп отыр.

Тіпті ол 2016 жылғы көрсеткіштен асып, рекорд орнауы мүмкін. Бұл әрине жаһандағы табиғи апаттарға әкелуі мүмкін. Өрт ошақтары көбейіп, су тасқыны артады.

2016 жыл адамзат тарихында «әлемдегі ең ыстық кезең» ретінде тіркелді. Термометр қызып, құрғақшылықтың өршуіне әсер еткен Эль Нино құбылысы еді. Ғалымдардың болжауынша, алдағы үш жылда аптап ыстықтан жаңа рекорд орнауы мүмкін.  

Том Ди Либерто, климатолог:

- Эль Ниньо әсерімен 2024 жыл рекордтар кітабына енуі мүмкін. Климаттың антропогендік өзгеруінен туындаған жылынудан басқа жаһандық температураға қосымша серпін беретін Эль Ниньо әсері орасан. Ал бұл өз кезегінде құрғақшылық пен өртке ұласады. 

Бұл құбылыс Тынық мұхитының шығысындағы судың жылынуымен байланысты. Алайда оның механизмі неден басталады дегенге  ғалымдар жауап таба алмай отыр. Бір анығы, биыл жыл соңында бүкіл әлемде тропикалық циклондар тіркеледі. Ауа райының күрт құбылуы қалыпты жағдайға айналмақ.  

Том Ди Либерто, климатолог

- Эль-Ниньо дауылға ұқсамайды. Яғни, көзге анық көрінбейді. Бірақ ол қызған кезде АҚШ-тың оңтүстігінде салқын, ылғалды ауа-райы орнайды. Ал АҚШ пен Канаданың батысындағы кейбір аймақтар жылы және құрғақ болады. Атлант мұхитындағы дауыл белсенділігі әдеттен төмендейді. Бірақ, Тынық мұхитында тропикалық циклондар күшейеді. 

Биыл Австралияда ауа райы ысып тұр. Салдарынан дала өртінің қаупі жоғары. Ал Орталық және Оңтүстік Американың кейбір бөліктерінде қатты жаңбыр жаууы мүмкін. Африка болса керісінше бес жылдық құрғақшылықтан кейін судан таршылық көрмейді. Ғалымдар климаттың өзгеруі Эль-Ниньо әсерін екі есе күшейтетінін жеткізді. 

Сымбат Ғалымжанқызы