Испанияда кезектен тыс жалпы сайлау өтеді
Испания премьер-министрі Педро Санчес парламентті таратып, кезектен тыс сайлау өткізетінін мәлімдеді.
Саяси науқан 23 шілдеге белгіленді. Испанияда аймақтық және муниципалды депутаттарды таңдау өткен еді. Нәтижесінде социалистік партиялар жеңіліс тапты.
Испания қоғамын дүрліктірген сайлау науқаны мамырдың 28-інде аяқталды. Дауыс беру Испанияның 12 аймағында әрі 8 мың елді мекенде жүргізілді, өз таңдауын жасауға 35 млн адам мүмкіндік алды.
Аида Қыдырбай, тілші:
- Бұл сайлауда қазіргі премьер министр Педро Санчестің социалистік жұмысшы партиясының жеңіліс тапқанын көрсетті. Ал консервативті Халықтық партиясы қазіргі билік партиясын ығыстырып, он ірі қаланың жетеуінде жеңіске жеткен. Мұндай нәтиже, қазіргі билік үшін өте қауіпті белгі, сондықтан болар Санчес кезекті сайлауды желтоқсан емес, шілденің аяғында өткізуге мүдделі.
Педро Санчес, Испания премьер-министрі:
- Кешегі дауыс беру қалалық және аймақтық деңгейде өткенімен, науқан нәтижесі бізді ойландырмай қоймады. Сондықтан мен үкімет жетекшісі ғана емес, Социалистік партияның бас хатшысы ретінде жеке жауапкершілікті мойындаймын. Сондықтан парламентті таратып, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім шығаруды ұйғардым.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары аймақтық және муниципалдық сайлаудың өте тартысты өткенін жарыса жазды. Атап өту керек, бұл сайлауда Испанияда ең жас қала мэрі таңдалды. Портбоу елді мекенін енді 19 жасар болашақ заңгер Гаэль Родригес Гарридо басқармақ. Шағын қашалықтың мыңнан астам тұрғыны бар. Әкім болмас бұрын Родригес жергілікті ойын-сауық орталығында даяшы қызметін атқарған.
Гаэль Родригес Гарридо, Портбоу қаласының мэрі:
- Даяшы болып жүргенде, тұрғындардан қаланың негізгі проблемаларын көп естіген едім. Темір жолымыз тұралап тұр, жастар арасында жұмыссыздық байқалады. Билікті жаңарту керек. Иә, мен жаспын, алайда бойымда қырық адамның қуаты тасып тұр. Қалаға жаңашылдық әкелсем деймін.
Сала мамандары осы шілдеде партиялардың қызу тартысын күтеміз,- деп отыр. Ең негізгі бәсеке қазіргі социалистік жұмысшы партиясы мен консервативті Халықтық партиясы арасында өрбімек. Көптеген ұсақ партиялар бес пайыз дауыс жинай алмай, осы екі ірі партияның құрамына жұтылып кетуі де әбден ықтимал. “Сондықтан Испания парламенті екі партиялық жүйеге қайта оралуы мүмкін” деген болжамдар да жоқ емес.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач