Чили орман өртінен ешкілердің көмегімен қорғанып отыр

Алдағы айлар Канада халқы үшін қиын кезең болғалы тұр.

Елде орман өрті ойран салып, айтарлықтай зардап әкеледі деген қауіп бар. Бұл Табиғи ресурстар министрлігінің болжамы. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қыркүйекке қарай орман өрті күшейіп, аумағы кейінгі жылдары болған от апаттарының ауданынан әлдеқайда асып түседі. Одан шыққан қою қара түтін тек ел өңірлерін ғана тұмшалап қоймай, көрші мемлекеттерге де тарайтын көрінеді.  Айта кетейін, қазірдің өзінде Канададағы жағдай өте күрделі. Бүкіл ел бойынша 400-ден астам өрт ошағы тіркелген. Бір ғана қаланың өзінен 8 мыңнан астам эвакуацияланды. Жалпы осы уақытқа дейін қауіпсіз жерге көшірілгендердің қатары 20 мыңға жетеді. Жалынмен күресуге көмек ретінде Португалия, Испания мен Франция өзінің 300-ге жуық өрт сөндірушісін жіберді. Ал АҚШ 600 маманды аттандырды. 

Боуинн Ма, төтенше жағдайлар министрі:

- Бүкіл провинция аумағы бойынша от жағуға тыйым салынған. Табиғи аумақта алау жақпас бұрын қауіпсіздік ережелерімен танысыңыздар. 

Мамандардың айтуынша, қыстың құрғақ болуынан Канаданың 10 провинциясы қуаңшылыққа тап болды. Аймақта найзағай ойнап, жайдың түсуі жиілеп кеткен. Ал бұл елдегі орман өртінің жартысына жуығына себеп.

Жалпы АҚШ тұрғындарына Канададан тарап жатқан қою түтін ғана емес, ел ішіндегі орман алқаптарының отқа орануы да қауіп төндіріп тұр. Сондықтан жергілікті жұрт оның алдын алу үшін отты отпен қайтаруға кіріскен. Тұрғындардың айтуынша, ағаштың құрғап кеткен бөлігін алдын ала жағу алапат апаттың алдын алуға көмектеседі. Бұл идеяны Төтенше жағдайлар қызметкерлері де құптап отыр. Бір айта кетерлігі, жылдар бойы Калифорнияда от жағуға заңмен тыйым салынып келді. Бірақ құрғап, кеуіп кеткен ағаштардан арылу үшін жергілікті билік оларды жағуға рұқсат берді. 

Сюзи Кочер, бақыланатын өрт қауымдастығының негізін қалаушы:

- Қызыл жалынмен «достасуды» ұсынамын! Оттан қорықпаңыз. Жанармайды үнемдеп, осы тәсілді қолданып, әр үйдің иесі өзінің территориясын қызыл жалыннан сақтай алады!  

Орманды өрттен қорғаушы ешкілер

Чилиде орман өртінің алдын алуға ешкілер сеп болып жатыр. Күйіс қайыратын жануар аумақтағы құрғақ өсімдікті түгел жеп қояды. Сарапшылар, бұл жыл сайын ақпанда басталып, көктем, жаз айларына дейін жалғасатын табиғи өрттің алдын алды, дейді. Айта кетерлігі, жыл басынан бері Чилидің өзге өңірлерінде 440 мың гектар жер өртке оранды. 

Канададағы орман өртінің зардабы тек ел тұрғындарына ғана тиіп жатқан жоқ. АҚШ тұрғындары да одан зиян тартып отыр. Себебі алапаттан өрттен шыққан түтін АҚШ-тың шығыс бөлігін тұмшалап алған. Соның салдарынан жұрт көшеде бетпердемен жүруге мәжбүр. Мәселен, Нью-Йорктегі ауа сапасының индексі қазір 103 пункті құрайды . Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш белгілі бір топтағы азаматтардың денсаулығы қауіп төндіреді. Әсіресе, өкпе мен жүрек ауруларына шалдыққан адамдар үшін. 

БЛИЦ

- Осында өмір сүріп жатқаныма 25 жыл болды. Мұндайды бірінші рет көруім. Өрттің басылар түрі жоқ. Мұның бәрі климаттың өзгеруімен байланысты оқиға деп ойлаймын.

- Таңертең серуендеуші ем. Енді мұны тоқтату керек болып тұр. Өйткені жүрек қағысым жиілеп, тынысымның тарылуы дұрыс емес деп ойлаймын.