Испанияның шығысындағы орман өртенді
Испаниядағы аптап елдің шығыс аймағында өрт туғызды.
Ел билігі Кастельон провинциясындағы жалынның бетін тек бір аптадан кейін ғана қайтарды.
Аймақтан 1500-ге жуық адам эвакуацияланды. Тілсіз жау 4000 гектар жерді күл етті. Сегіз елді мекен зиян шекті. Испания премьер-министрі Педро Санчес үйлерінен безіп кеткен мыңдаған адамға көмек көрсетуге уәде берді.
Былтыр Испанияда 306 мың 555 гектар жер өртенген. Бұл дегеніміз ел аумағының тұтастай бір проценті деген сөз. Осылайша өткен жаздағы өрт соңғы он жылдағы ең ауқымды деп тіркелген. Биыл да көктемнен бергі қапырық ыстық әрі қуаңшылық орман өртінің өршуіне сеп болып тұр. Жарты жылдың өзінде ел аумағы бойынша 50 ден астам ірі өрт оқиғалары тіркелді.
Диана Коломина, орман бағдарламасының координаторы, эколог:
- Өрттің алдын алатын техникалар санын жаңарту керек. Өйткені Испания жасыл желекке оранған ел. Құрғақшылық бізге үлкен қауіп төндіріп тұр. Төтенше жағдайды алдын алмасақ, соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Қазір Испания қоғамында “өрт терроризмі” деген ұғым пайда болды. Әсіресе елдің шығыс аймағы өртке осал, өйткені қуаңшылық бар. Жауын шашынның мөлшері де әдеттегі нормадан 25 процентке аз түскен. Салдарынан Кастельон провинциясындағы өрт 4000 гектардан астам жерді өртеп жіберді. Жалын шарпыған аймақтан 1500-ге жуық адам эвакуацияланды. Үйлерінен безген ел тұрғындарына үкімет көмек көрсетеміз деп жұбатты.
Рауль Де Ла Калле, Орман инженерлері қоғамдық ұйымының мүшесі:
- Жүз жылда бір қайталанып жатқан қуаңшылыққа мемлекет дайын болмай шықты. Техникамен қатар, мамандар саны да аз болып тұр. Өрт терроризіміне төтеп беру мемлекеттік маңызы бар өткір мәселеге айналуы тиіс.
Ұлттық парктер мен ормандардың 80 процентіне қажетті күтім көрсетілмейді. Испания қоғамы ел билігіне осындай кінә тағады. Баптау көрмеген орман ағаштары қазіргідей қатты ыстықта лап ете түсетіні де сондықтан. Өз кезегінде үкімет көп жағдайда өрттің адам қолымен жасалатынын жасырмайды. Ал экожанашырлар болса, жасыл желекті күтіп баптайтын ұлттық бағдарламаны қабылдауға шақырып отыр.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач