Судан астанасы Хартум қаласында әскери қақтығыстар жалғасып жатыр
Соның салдарынан 860-тан астам тұрғын қаза тапты.
Елдің қарулы күштері мен әскерилендірілген жедел қолдау топтары арасында болып жатқан қатыгез қақтығыс енді әйелдер мен қыздарды зорлау әрекетіне ұласты. Жұрт ел астанасынан қашып жатыр. 1 млн 400 мың тұрғын өзге қалаларға қоныс аударса, 450 мыңға жуық адам Суданнан кеткен. «Әйелдерді зорлау әрекетінің бәрі дерлік әскерилер ісі», - дейді ашынған халық. Қарулы қақтығыс сәуір айының ортасында басталды. Хартум қаласы атыс алаңына айналып кетті. Қаланың бірнеше ауданы су мен электр қуатынсыз қалды.
Абдель-Кадер Мұхаммед, Судан азаматы:
- Екі айға жуық уақыт өтті, гуманитарлық жағдай өте күрделі. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшы. Тіпті жаралыларға көмектесуге мүмкіндік жоқ.
Хасан Сати, Судан азаматы:
- Адамдар бомбаланған қалада қалай өмір сүре алады? Көшелерде мергендер отыр, дүкендер жабық. Аш-жалаңаш жүрген жұрт, осындай болады деп кім ойлаған. Енді біздің күйіміз не болады?