Ертең Дональд Трамптың ісі бойынша алғашқы сот процесі өтеді

Оған құпия құжаттарды заңсыз сақтады және таратты деп айып тағылып, 37 қылмыстық іс қозғалды.

Бүгін Дональд Трамп Флорида қаласына жеке ұшағымен келіп қонды. Ол ертең сот отырына қатысып, өзіне тағылған айыптарды тыңдайды. АҚШ-тың бұрынғы президенті мен көмекшісіне ауыр айыптар тағып отыр. Оның ішінде жалған куәлік ету, қылмыстық ымыра жасап, құпия материалдарды тиісті деңгейде сақтамады және жасырды делінген.

Федералды тергеу бюросы былтыр тамызда Трамптың үйін тінтіп, «аса құпия» мөрі бар ондаған құжатты тәркілеген еді. Оның бір бөлігі тіпті үй қоймасынан табылды. Қылмыстық істердің әр тармағы бойынша экс президентке қомақты айыппұл салынып, тіпті бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Джек Смит, құпия құжаттар бойынша арнайы кеңесші:
-
Ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәліметтерді қорғайтын заңдарымыз АҚШ үшін өте маңызды және бұлжытпай орындалуы тиіс. Бұл заңдардың бұзылуы біздің елімізді қауіп-қатерге ұшыратады. Заң үстемдігін сақтау Әділет департаментінің негізгі ұстанымы. Сондықтан бұл елде заң талаптары барлығына ортақ.

Айыптау актісінің ең негізгі бөлігін АҚШ-тың ядролық қару бағдарламасы мен оның одақтастарының осал тұстары туралы деректер құрайды. Шабуыл жасалған жағдайда, АҚШ-тың қарымта соққысы қаралған құпия құжаттар да Траптың үйінен табылған. «Бұл деректер қолды болса, халықаралық қатынастарға, АҚШ-тың әскери нысандары мен тыңшыларының қауіпсіздігіне, сондай-ақ құпия барлау тәсілдерін одан әрі пайдалануға қауіп төндіруі мүмкін», - делінген хабарламада. Ал Трамп осындай аса құпия құжаттардың кейбірін көруге құқы жоқ адамдарға ашқан. «Осылайша экс президент ұлтқа үлкен қатер төндіріп, тыңшылық туралы заң талабын бұзды», - дейді прокурорлар. Әрине, Дональд Трапм өзіне тағылған айыптарды мойындамады. 2024 жылы өтетін сайлауға түсуіме кедергі жасамақшы деп сынады. 

Уильям Барр, АҚШ-тың бұрынғы бас прокуроры:
- Шынымды айтсам бұл құжаттардың қаншалықты құпия болғанын көріп шошыдым. Егер айыптау актісінің жартысы шындыққа жанасса, онда экс президент үлкен проблемаға тап болды деген сөз. Яғни бұл - бұлтартпас айыптау. Ал Трамптың өзін саяси ойынның құрбаны ретінде көрсетуге тырысуы ақымақтық.

АҚШ-тың 45-ші президенті 2021 жылы Ақ үйді босатқан кезде құпия құжаттарды тиісті жерге тапсырмаған. Үкімет қанша сұрау салса да оны қайтарудан бас тарқан, тіпті оларды бір үйінен екіншісіне көшіріп, Федералды тергеу бюросынан жасыруға тырысқан. Бұны дәлелдейтін видео және аудио жазбалар, куәгерлердің түсініктемелері бар дейді тергеушілер. АҚШ тарихында алғаш рет экс президенттің үстінен федералдық деңгейде қылмыстық іс қозғалып отыр.

Авторы: Нұрбек Бекен