Қытайда өрт қаупі жоғары маусым жалғасып жатыр
Қытайда жыл сайын табиғат апатынан 300 млн тұрғын жапа шегеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Материалдық шығын көлемі 45 млрд долларға бағаланып отыр. Қазір көрші елде өрт қаупі жоғары маусым жалғасып жатыр. Соңғы 2 аптада 2 ірі орман өрті тіркелді.
Қытай аумағының төрттен бірін жасыл желек алып жатыр. Тиісінше күн ысығанда өрт қаупі де арта түседі. Көрші елдің тілсіз жаумен күрестегі жетістіктері жоқ емес. Соңғы 5 жылда табиғи апат салдарынан опат болғандар мен жоғалып кеткендер саны 50%-ке азайды. Бұл заманауи техника мен мамандарды қайта даярлаудың арқасында мүмкін болып отыр.
Ван Сянси, Қытайдың Төтенше жағдайларды басқару жөніндегі министрі:
- Біздің ұлттық өрт сөндіру-құтқару тобымыз бұрындары негізінен оттың алдын алу және оны сөндірумен айналысатын. Қазір мүмкіндіктері кеңейіп, кез келген табиғат апаты мен ірі төтенше жағдайлар кезінде құтқару жұмыстарын да қоса атқарады. 5 мыңнан аса құтқару бөлімшесі құрылды. Олар ұшу аппаратымен, роботтармен қамтамасыз етілген. Сол топтардан шұғыл көмек көрсететін 6 аймақтық орталық құрылды.
Орман алқаптары күні-түні күзетіледі. Бұл мақсатта дрондар қолданылады. Бұдан бөлек, инфрақызыл радарлар мен бейнебақылау жүйелерінің көп көмегі тиеді. Қауіпті аймақтар жер серігімен бақыланып отырады. Алдын алу шараларының арқасында орман өртінен зардап шегетіндер едәуір азайды. Ал тұрғын үйлердегі өрт шығу фактілері керісінше көбейген.
Сюй Пин, Мемлекеттік өрт сөндіру-құтқару басқармасының комиссары:
- Мұндай оқиғаларға әдетте заңсыз дәнекерлеу және құрылыс жұмыстары, сондай-ақ қауіпсіздік техникасының сақталмауы себеп болады. Біз алдын алу шараларын қолға алдық. Мәселен, құрылыс нысандарында жылуоқшаулағыш және тез тұтынатын материалдардың қолданылуына қатысты тексерулер жүргіземіз.
Метеорологтардың пайымдауынша, биыл Қытайда қатты ыстық күндер көп болады. Елдің кейбір өңірлерін қуаңшылық жайласа, басқа аймақта су басу қатері артып отыр. Сондықтан билік бар күшті қауіпті алдын алуға жұмсауға көшті.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Ботагөз Сырғабаева.