Елден 1,3 млрд доллар жымқырылған
"Мың асқанға, бір тосқан". Өзбекстанда экс-шенеуніктердің заңсыз жолмен тапқан қаржысы қазынаға қайтарылып жатыр.
Әділет министрлігі бұл шаруаға білікті заңгерлерді тартып, Швейцария, Франция, Ресей және Латвияда тиісті сот процестерін бастады. Таяуда ғана 131 млн долларды бірлескен сенім қорына аудару жөніндегі келісім жасалды.
Өзбекстанда бір ғана экс-президенттің қызы Гүлнәр Каримованың елден жымқырған қаржысы 1 млрд 300 млн долларға бағаланып отыр. Ол 2000-шы жылдарда қоғам мен билікке зор ықпал еткен қылмыстық империя құрған. Иелігінде құны миллиардтаған доллар мемлекеттік активтер болды. Кейін оны арзан бағада шетелдік заңды тұлғаларға сатып, қыруар пайдаға кенелді. Мұны елдің сот органдары дәлелдеп, экс-шенеунікті 13 жылға бас бостандығынан айырды.
Музраф Икрамов, Өзбекстан Әділет министрінің орынбасары:
- Швейцариядан қайтарылуы тиіс активтер сомасы 686 млн долларды құрайды. Соның 131 миллионын сенім қорына аудару жөнінде келісім жасалды. Тағы 205 млн долларға қатысты келіссөз жүргізіп жатырмыз. Одан бөлек, ресми түрде тәркіленбеген ауқымды қаражат бар.
Онымен бірге рейдерлік әрекет жасағандар түгел жазаға тартылды. Қылмыстық топ ұрлаған ең ауқымды активтер Швейцарияда шоғырланған. Қаржыны қайтару үшін көршіміз Еуропа мемлекетімен тиісті келісімге келді.
Әрі арнайы сенім қорын құрып, аударылған ақшаға 1400-ден аса мектеп салатынын растады.
Валерий Бирюков, сарапшы:
- Бұл мәселе тұтас Орталық Азияға тән. Барлық елде осыған ұқсас проблема. Шетелге жылыстатылған қаржыны қайтару жолында күш біріктіру керек деп ойлаймын. Өзбекстан өзіндік тәжірибе жинақтап қалды. Біздің білуімізше, шетелден әлі 1 миллиард доллардан аса қаражат қайтуы тиіс.
Өзбекстан үкіметі экс-шенеуніктер жымқырған ақшаның әзірге тек 20 млн доллары қайтқанын айтып отыр. Ал оның қайда жұмсалғаны жария етілмеді. Кезекте Ұлыбритания, Латвия және Ресейдегі жылжымайтын мүліктерді сатып, түскен ақшаны ел бюджетіне аудару міндет тұр.
Авторы: Рауан Мыңбаев