Қазақстан мен Өзбекстанның кооперация орталығы құрылады
Қазақстан мен Өзбекстанның бизнес форумдары енді тұрақты түрде өткізіледі.
Кезектісі тамыз айында көршіміздің Сырдария облысында ұйымдастырылуы мүмкін. Бұл жиында кәсіпкерлер өзара алыс-берісті арттырып, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға мүмкіндік алады.
Қазақ пен өзбектің шекаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы 100 гектар аумақта орналасады. Ол үшін Түркістан мен Сырдария облыстарында тиісті жер телімі бөлінген. Қазақстан алғаш болып трансфарматор зауытын ашуға дайын. Бұдан бөлек, бірлескен тоқыма өнеркәсібін бастау да жоспарда. Оңтүстік өңірге соңғысы аса қажет. Тәжірибе ретінде Өзбекстанның тоқыма кластері өкілдерін шақыру көзделген. Жобаны екі ел үкіметі қаржыландырады.
Лазиз Кудратов, Өзбекстан Республикасының Инвестициялар, индустрия және сауда министрі:
- Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құрудың алдында тұрмыз. Қазір құқытық негізін әзірлеуге көштік. Ол аумақ кәсіпкерлерге жайлы жағдай ұсынады. Инфрақұрылым жағынан бірлескен кәсіпорын құруға барлық мүмкіндік болады. Бұдан бөлек біз таяу арада өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастырамыз. Мұның бәрі екі елдің сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізеді.
Қазақстанда өзбек кәсіпкерлерінің қатысуымен 1400 кәсіпорын жұмыс істейді. Ал бұл елде қазақ капиталы құйылған 1200-дей компания бар. Соның бірі – Ташкент облысындағы газблогын шығаратын кәсіпорын. Жылына 300 мың текше метр өнім дайындайды. Құрылыс материалына ел нарығында сұраныс көп.
Асхат Бекетаев, зауыт директоры:
- 13 гектар аумақта орналасқанбыз. Кәсіпорын қазақстандық акционер арқылы құрылды. Өндіріс үздіксіз жүріп жатыр. Өзбекстанда газоблокқа сұраныс артты. Қырғызстан да өнімді бізден сатып алуды ойластырып жатыр.
Былтырдан бері тағы бір отандық компания Өзбекстанның тұрғын үй нарығына енді. Коммерциялық нысандар салып, бірқатарын қолданысқа берді. Ал қаржы секторындағы қазақстандық банктің несиелік портфелі мен активтері 4 жыл ішінде 500 млн доллардан асты. Ел астанасы және аймақтарда 18 өкілдігі бар. Банк тұтынушыларға заманауи қызметтер ұсынып, маркет плейс сервистерін енгізді.
Талғат Аюпов, банктің басқарма төрағасы:
- Халықпен жұмыс істейміз және бизнеспен де жұмыс істейміз. Депозит былтыр екі есе өсті. Несие портфеліміз 40 пайызға өсті былтыр. Қазір активтеріміз 500 млн долларға жуық санға жетті.
Ал өзара саудада ілгерілеушілік басым. Қазақстан дайын ұн өнімін көбірек экспорттап жатыр. Қаңтар мен сәуір аралығында 156 мың тоннадан астамы көрші ел нарығына жөнелтілді.
Өзбекстан Қытаймен тауар тасымалын ұлғайтпай ниетте. Сондықтан еліміздің кеден бекеттерінен жасыл дәліз сұрап отыр. Өзбек тасымалдаушыларының көбі Қазақстанның өткізу пунттерінде бюрократиялық проблема барын айтады. Ахуал өзгермесе келешекте Қырғызстан арқылы салынатын теміржолға ауысуға дайын. Ал бізге бұл қажет емес. Еліміз транзиттік түсімді азайтпау үшін шекарадағы кеден бекеттерін жаңғыртып, жаңа пойыз жолдарын салу жобасын бастап кетті.
Авторы: Рауан Мыңбаев