Жасанды интеллектінің жұмысы заңмен реттеледі
Жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңейіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алайда одан төнген қауіп те артты. Көктемде Италия әлемде бірінші болып ChatGPT-ді қолдануға тыйым салған еді. Енді Еуроодақ технологияның жұмысын реттейтін заң жобасын қабылдауға ниеттеніп отыр.
Жасанды интеллекттің жұмысы заңмен реттеледі
Жасанды интеллектіден төнген қауіп зор. Осылай деген Еуропарламент депутаттары технологияның қолданылуын реттейтін заң жобасын мақұлдады. Сөйтіп, біраз шектеулер енгізу көзделіп отыр. Мәселен, адамның түрін анықтайтын камераларды қолдануға болмайды. Тек ізім-ғайым жоғалып кеткендер мен қылмыскерлерді іздестіру кезінде оның көмегіне жүгінуге рұқсат етіледі. Оның өзінде де жазбаларды қодануға болады. Адамның санасына әсер ету мақсатымен жасалған жүйелерге де тыйым салынады. ChatGPT секілді контент құратын технологиямен айналысатын компаниялар өз өнімдерін таңбалауға міндеті. Бұл әлемде алғаш рет жасанды интеллектінің қолданылуын реттейтін заң болғалы тұр. Бірақ құжатты Еуропалық Кеңес мақұлдауы тиіс. Сөйтіп, ол 2026 жылы күшіне енеді.
Роберта Метсола, Еуропалық парламент президенті:
- Бізге жасанды интеллектіні қолдануға қатысты нақты ережелер мен шектеулер қажет. Технологияның дамығаны жақсы ғой, әрине. Алайда мұның бәрі біздің заңдарымыз бен демократиялық құндылықтарымызға қайшы келмеуі тиіс.
Жасанды интеллекттің жұмысын арнайы орган бақылайды
БҰҰ өкілдері де жасанды интеллектен төнген қауіп зор дегенге саяды. ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриш оның қолданылуын бақылайтын жаһандық мекеме құруды ұсынып отыр. Қазір чат-боттар сауалдарға жауап береді, мәтін жазады, бағдарламалау кодтарын құра алады. Алайда мұны қаскөйлер арам ойларын іске асыру үшін пайдалануы мүмкін. Сондықтан БҰҰ-ның өкілдері жыл соңына дейін жасанды интеллектінің қолданылуын реттейтін халықаралық деңгейдегі консультативтік орган құру жұмыстарын бастауға ниетті.
Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
- Жаңа технологиялар қарыштап дамып келеді. Бірақ сонымен қоса олардан төнген қауіп-қатер де артып барады. Бұл туралы тіпті сол технологияларды ойлап тапқан мамандардың өздері жиі айтады. Керек десеңіз, ғалымдар оны ядролық соғыстың қаупіне теңеп отыр. Сондықтан мұндай ескертулерді назардан тыс қалдыра алмаймыз. Жасанды интеллектінің қолданылуын реттейтін арнайы агенттік болу керек деп санаймын.
Жасанды интеллекттің пайдасы да зор
Десе де сарапшылар жасанды интеллектінің артықшылықтары туралы да ұмытпауға шақырады. Әсіресе жұмыс сапасын жақсарту жағын алға тартады. Технология 800 мамандықтың еңбек өнімділігін арттыра алатынын айтады. Мамандар жасанды интеллектінің экономикалық пайдасын да ерекше атап өтіп отыр. Маккинзи халықаралық консалтингтік компаниясының есептеуі бойынша, оны 60 түрлі салада қолданып, әлемдік жалпы ішкі өнімді жылына 2,5 триллион долларға арттыруға болады екен.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.