Британия қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастырғысы келетіндерді жазаға тартады
Ұлыбританияда қылмыстық жолмен келген кірістерін заңдастырғысы келетіндер қатаң жазаланады.
Дәулеттілер байлығының шығу тегін түсіндіре алмаса, заң алдында жауап беруі керек. Құйтырқы жолмен байып кеткендерді Тұманды Альбион билігі қалай жүгендейді?
Ұлыбританияда бір күнде банктен есеп шот ашу мүмкін емес. Қаржылық институт жаңа клиентін бір апта көлемінде жіті тексереді. Өйткені оның заңсыз ақша айналымына қатысы болуы мүмкін. Қылмыстық жолмен келген кірістің жазасы қатаң.
Адриан Эйсса, заңгер:
- Ақшаның шығу тегін жасырғандар бас бостандығынан айырылып, көп көлемде айыппұл арқалайды. Қылмыс ауыр болған жағдайда, айыпталушы 14 жылға дейін сотталуы мүмкін. Оның шоттары бұғатталады және қаражаты тәркіленеді. Айыппұлдың көлемін судья анықтайды.
Тұманды Альбионда ақшаның ізін жасыру ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірумен тең. Өйткені лас ақша терроризмді қаржыландыруға жұмсалуы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ұлыбританияда шығу тегі беймәлім қаражаттың көлемі жылына 90 млрд фунтқа дейін жетеді екен.
Тони Данжел, қаржы сарапшысы:
- Банктің немесе инвестициялық компанияның қызметкері барлық күдікті операциялар бойынша қадағалаушы органға есеп беріп отыруға міндетті. Талап орындалмаған жағдайда, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы және айыппұл төлеуі мүмкін.
Өз елінінің қазынасына қол салып, халқын тонаған ұрылардың көпшілігі байлығының ізін жасыру үшін, әдетте, Ұлыбритания астанасына асығады. Клептократтар Лондонға келіп, ондаған миллион стерлинг фунтына бағаланатын зәулім сарайлар сатып алады. Бірақ тікелей емес, офшорлық аймақтарда орналасқан компаниялардың және тәжірибелі заңгерлердің көмегімен, әрине. Нәтижесінде жылжымайтын мүлік иесінің кім екенін анықтау мүмкін болмай қалады.
Патрик Бойл, Лондон король колледжі университетінің профессоры:
- Үлкен үй-жайларға көбіне ресейлік, малайзиялық, тайлық, нигериялық және тайваньдық миллиардерлер иелік етеді деген пікірлер айтылып жүр. Бірақ олардың есімдері ешбір жерде ресми айтылмайды. Лондон - лас ақшаның ізін жасырудың әлемдік орталығына айналғандай.
Өткен жылдың екінші жартысында Ұлыбританияның Салық және кеден комитеті заң талаптарын орындамаған 240 кәсіпорынға шара қолданыпты. Оларға барлығы 3 миллионнан астам стерлинг фунты көлемінде айыппұл салынған.
Ғалымжан Қараманұлы