Грузиядағы жүзім аймағын су басып қалды
Грузияның жүзім өсіретін аймағы Кахетияны қалың су басып жатыр.
Бірнеше минут қана құйған нөсер мен, бұршақ соңы, алапат тасқынға ұласты. Өзендер тасып, жолдар мен үйлерді, жүзім алқабы мен бау-бақшаларды шайып, үлкен зардап әкелді. Сондай-ақ күшті желдің кесірінен электр сымдары үзіліп, бірнеше елдімекен жарықсыз қалды. Әсіресе Гурд-жаАни қаласы қатты зардап шекті. Тасыған өзеннің суы, орталық көшені басып, көлік қозғалысы тоқтап қалды.
Георгий Аладашвили, Кахетия губернаторы:
- Гурджаани қаласы су астында қалды. Орталық көшемен жүру мүмкін емес тіпті. Абырой болғанда, адамдар аман. Барлық техниканы қалпына келтіру жұмысына жұмылдырдық.
Мзия Шатакишвили, Гори қаласының тұрғыны:
- Басында бұршақ аралас жаңбыр жауды. Әп-сәтте көшелерді су алып кетті. Үйдегілерді далаға шығармай қойдым. Бұрын осындай тасқын кезінде 2 ұл бала қайтыс болған еді. Содан қатты қорқамын. Су асфальт жолды шайып кетті. Енді бәрін қайтадан істеу керек.