Жерорта теңізі «Ажал теңізіне» айналды
Грекияда алапат кеме апатынан соң қалаларда наразылық акциялары өтіп жатыр.
Қайғылы оқиға осы аптада болған. ПИлос қаласынан 90 шақырым жерде балық аулайтын кеме суға кеткен. Су көлігінде 700-ден аса мигрант болған деген болжам бар. Соңғы мәлімет бойынша, 80-ге жуық адам қаза тауып, 104-і құтқарылған. Қалғандарының тағдыры беймәлім. Бұл оқиғадан кейін әлем елдерінің өкілдері көші-қон саясатын өзгерту бастамасын көтеріп жатыр.
Әлемдегі көші-қон дағдарысынан ең көп зардап шеккен Еуропа елдерінің бірі - Грекия. Таяу Шығыс, Азия мен Африкадан Кәрі Құрлыққа бет алған заңсыз мигранттар осында табан тірейді. Кейін Эллада елі арқылы Еуропаның өзге мемлекеттеріне кетіп жатады. Бұл жолы босқындар мінген кеме Ливиядан бет алып, Италияға жетуді көздеген. Алайда жарты жолда Грекия жағалауында суға батып кетті. Аман қалғандардың барлығы - ер адамдар. Жүздеген адам табылмай жатыр. Арасында балалар мен әйелдер көп болуы мүмкін. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа кемеге шамадан тыс көп адам мінуі себеп болған. Оларды заңсыз тасымалдаумен айналысқан 9 адам қамауға алынды. Жұрт Жерорта теңізі "ажал теңізіне" айналғанын айтып, көші-қон саясатын өзгертуді талап етті.
Қауіпті бағыт
Былтыр Африканың солтүстігі мен Таяу Шығыстан Еуропаға теңіз арқылы жетпек болған 3800 мигрант жарты жолда көз жұмды. ол кейінгі 5 жылдағы ең үлкен көрсеткіш болып отыр. Бұл ресми дерек. Сарапшылар шындығында сандар әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін айтады. Биыл өңірге 72 мыңдай мигрант келген екен. Бар ауыртпалық ИтаЛия, Испания, Грекия, Кипр мен Мальтаға түсіп отыр.
Туниске ұсыныс жасалды
Қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін Еуроодақ өкілдері заңсыз мигранттардың суға шығуына тыйым салу керек дейді. Сол үшін Туниске ұсыныс жасап отыр. Оған сәйкес, Солтүстік Африкадағы бұл мемлекет босқындардың Жерорта теңізі арқылы жолға шығуына тосқауыл қою керек. Есесіне Брюссель елге бір миллиард доллар бөледі. Бір жағынан заңсыз көші-қонның жолы кесілсе, екіншіден эконмоикалық дағдарысты бастап кешіп жатқан Туниске қолдау көрсетіледі.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева