Әлем елдері Сирияға 5,6 млрд еуро бөледі
Әлем елдері Сирияға 5 млрд 600 млн еуро мөлшерінде қаржылай көмек жинады.
Мұны Брюссельде бірлескен конференция өткізген Еуроодақ және БҰҰ өкілдері жариялады. Бұл қаражат негізінен сириялық босқындар мәселесін шешуге жұмсалады. Басым бөлігі ақпан айында болған жойқын зілзаланың салдарын жоюға арналған. Тұрғындарды ауызсумен қамту – аймақтағы өзекті мәселелерді бірі болып тұр.
Жозеп Боррель, ЕО Сыртқы саясат және қауіпсіздік бойынша жоғарғы өкілі:
- Босқындар мәселесін назарсыз қалдыра алмаймыз. Сирия билігі олардың өз еркімен, қауіпсіз және лайықты түрде қайтуына жағдай жасауы керек. Халықаралық қауымдастықтың осыны бақылай алуы маңызды болып тұр.
Сириядағы ахуал
Сириядағы жанжал 12 жыл бойы жалғасып келеді. Осы мерзімде жарты миллионан аса адам қаза тапқан. 2020 жылдан бері ауқымды әскери қимыл жүргізілген жоқ, алайда елдің солтүстік-шығысында қақтығыстар жиі болып тұрады. Башар Асад билігі ел аумағының 70%-ін өз бақылауында ұстап отыр. Жақында Сирияны Араб мемлекеттер Лигасына қайта қабылдауы дипломатиялық жетістік деп есептеуге болады. Алайда елдегі ахуал әлі де күрделі. БҰҰ-ның мәліметінше, 15 миллиондай сириялыққа гуманитарлық көмек қажет.