«Титаникті» тамашалауға шыққан туристер жоғалып кетті
Атлант мұхитының түбінде жатқан кеменің қаңқасын көру үшін түскен суасты аппараты бір күннен бері табылмай жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
АҚШ пен Канада құтқарушылары саяхатшыларды шұғыл іздеуге кірісті. Себебі күн өткен сайын оларды аман алып қалу қиындай бермек.
Нұрбек Бекен, тілші:
- 110 жыл бұрын батып кеткен Титаник кемесі Атлант мұхитының түбінде, 3800 метр тереңдікте жатыр. Оны тамашалау үшін туристерге арнайы тур ұйымдастырылады. Өткен аптада Титаникті көруге шыққан туристер жоғалып кетті. Титаник батқан тұсқа арнайы аппаратпен түскеннен кейін 2 сағаттан соң байланыс үзілген. Құтқару операциясына АҚШ пен Канада кемелері мен ұшақтарын аттандырды.
Джон Маугер, АҚШ жағалау күзетінің тыл адмиралы:
- Іздеу орны Код мүйісінің шығысында шамамен мың жарым шақырым жерде орналасқан. Яғни, шалғай аймақта 3963 метр су тереңдігінде іздестіру міндеті тұр. Су асты кемесін тауып, борттағы адамдарды құтқару үшін қолда бар барлық кемені қосып жатырмыз.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Биылғы бесінші экспедициясына шыққан «Титан» шағын суасты кемесінің бортында 5 адам болған. Оның төртеуі – турист, біреуі – капитан. Мұндай мұхит түбіне саяхат негізі 8 күнге созылады. Оның ішінде жолаушылар кеме қайраңдаған жерге жеткенде суасты қайығына ауысып, «Титаникті» өз көзімен көру үшін 4 шақырым тереңдікке түседі. 8 сағатқа созылатын бұл тур үшін әрбір турист 250 мың доллар дейін төлейді. Хабар-ошарсыз кеткен жолаушылар арасында британдық миллиардер де болуы мүмкін.
Ларри Дейли, сарапшы:
- Бортта дербес тыныс алу жүйесі бар, егер ол дұрыс сақталса, онда бірнеше сағат су астында бірнеше сағат қалуға болады. Мен мұндай суасты кемесімен мұхит астында 12 сағат болдым. Одан бері технология жаңарды. Сондықтан олар аман қалады деген үмітім бар.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Титаникке кеткен Титанның бортындағы оттегі апат болған жағдайда 96 сағатқа жетеді. Яғни, құтқарушыларда тым аз уақыт қалды.
Авторы: Нұрбек Бекен.