Джо Байденнің ұлы салық төлемегені үшін жазаланады
АҚШ президенті Джо Байденнің ұлы салық төлемегені үшін шартты жазаға кесілетін болды.
Хантер Байден Әділет басқармасымен келісімге келіп, 2017-2018 жылдары табыс салығын қасақана төлемегенін мойындаған. Ол екі жыл Украина мен Қытайда жұмыс істеп тапқан қомақты қаржысын жасырған. Бұған қатысты тергеу ісі Дональд Трамптың тұсында басталған еді. Хантер Байденнің есірткі пайдаланып, заңсыз тапанша сатып алғаны да әшкере болды. Бірақ, айыптаумен келісіп, салықтан жалтарғанын мойындағаны үшін Делавэр штатының бас прокуроры оны қылмыстық қудаламауға уәде берген. Республикашылдар болса, президенттің ұлы жеңіл жазамен құтылып кетпек деп сынға алды. Жеке мүддесі үшін өзінің не туысының лауазымын пайдалану АҚШ-та қатаң жазаланады. Сондықтан сарапшылардың пікірінше, оппозиция бұл жағдайды келер жылы өтетін президенттік сайлауда Джо Байденге қарсы пайдаланады.