Астана процесі аяқталды

Енді ХХІ халықаралық кездесу өтпей ме деген сұрақ туындайды.

Бұған қатысты Елордадағы жиынға қатысқан сарапшылар пікір білдірді.

 

Астана процесі: келіссөз форматы сақталады

Астана процесі 2017 жылдан бері өтіп келеді. Мұндағы мақсат – Сириядағы жанжалдасушы тараптар арасындағы қарулы қақтығысты тоқтату. Еліміз келіссөз жүргізуге өз алаңын ұсынды. Оған Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері қатысты. Ал Иран, Ресей мен Түркия кепілгер ел саналады. Кейінгі 6 жылда 20 басқосу ұйымдастырылды. Оның 18-і Астанада, екеуі Сочиде өткен. Кепілгер елдер делегациясы келіссөздер бір орынға байланып қалмағанын айтады. Демек оларды өзге жерде де өткізуге болады. Бірақ қалай болғанда да Астана форматы сақталып қалады.  

Александр Лаврентьев, РФ президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі:

- Астана форматы әрі қарай жалғаса береді. Ол өзінің тиімділігін көрсетті. Қазақстан билігіне кейінгі 6 жылда кездесу өткізуге мүмкіндік бергеніне алғысымызды білдіреміз. ХХІ кездесудің қай жерге белгіленгені туралы нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Бұл мәселе бойынша кепілгер елдердің басшылығы ақылдасып, бір мәмілеге келер. Бірақ кездесу екінші жарты жылда өтеді.

 

Астана процесі

Халықаралық кездесу қатысушылары әрі қарай да Сирияға гуманитарлық көмек көрсету, экономикалық-әлеуметтік қолдау, қираған инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру бойынша жұмыс істей беретіндерін жеткізді. Олар Түркия мен Сирия арасындағы қарым-қатынасты реттеу секілді тағы бір маңызды мәселеге тоқталып өтті. 

Александр Лаврентьев, РФ президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі:

- Біз Түркия мен Сирия арасындағы екіжақты қарым-қатынасты қалпына келтіру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Осы ретте Мәскеуде сарапшылар деңгейінде, сосын 4 елдің қорғаныс министрлерінің деңгейінде бірқатар кездесу өткенін белісіздер. Ал жақында Иран, Түркия, Ресей мен Сирияның сыртқы істер министрлері бас қосты.

 

Босқындар мәселесі өзекті

Бұл жолғы Астана процесінің басталуы Дүниежүзілік босқындар күнімен тұспа-тұс келді. Халықаралық кездесуде үй-жайын тастап, басы ауған жаққа кетіп қалғандардың да мәселесі назардан тыс қалмады. Қарулы қақтығыс басталған 12 жыл ішінде 6 миллион адам ел ішінде қоныс аударуға мәжбүр болса, тағы осыншамасы Түркия, Ливан, Иордания мен Египетке босып кеткен. Соларға көмек көрсету үшін өткен аптада Брюссель конференциясында донор мемлекеттер 10 миллиард еуро бөлуге уағдаласты. Қыруар қаржы Сириядан бөлек, осы ел азаматтарын қабылдаған көрші мемлекеттерге беріледі. Бірақ халықаралық ұйымдар қаржы жетіспей жатқанын айтады.

Айман Сафади, Иордания сыртқы істер министрі:

- Босқындар мәселесін шешу – бұл оларды отанына қайтару. Сондықтан біз ол азаматтардың Сирияда өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек. Көрші елден келгендерге қажетті көмек көрсетіп жатырмыз. Әлі де халықаралық қолдау қажет.