Ресейде жасыл энергияны дамыту жолдары қарастырылып жатыр
Ресей жасыл энергетиканы 2035 жылға дейін дамытуға 550 миллиард рубль жұмсауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Үкімет санкция салдарынан күн, жел және су электр станцияларына арналған жабдықтарды жергілікті өндірісте жасайды. Бұған қытай инвенсторлары қызығушылық танытты.
Дана Нұржан, тілші:
- Ресейде өндірілетін электр энергиясының шамамен 20%-і баламалы қуат көздерінен алынады. Басым бөлігі гидроэлектрстанцияларда өндіріледі. Басқа баламалы қуат көзінен, мысалы, күн энергиясынан алынатын энергияның көлемі 1%-тен аспайды. Ресей баламалы энергияға бертінде ғана көңіл аудара бастады.
Жасыл энергетика мен электркөліктерге арналған халықаралық көрмеде экспозицияның басым бөлігі – Қытай компанияларының өнімі.
Джейсон Чжан, энергетикалық компания өкілі:
- Ресей газ бен мұнайға бай болғандықтан, халыққа баламалы энергия, атап айтқанда, күн батареялары қажет емес деп едік. Бірақ бұл көрмеге келушілер бізді таңғалдырды. Бұл елде баламалы энергия көздеріне деген қызығушылық зор екенін көріп тұрмыз.
Ресейде жаңартылатын энергетиканы дамытуды мемлекеттік қолдау бағдарламасы 10 жылдан бері бар. Бірінші кезең 2025 жылы аяқталады. Екінші кезең 2035 жылға дейін жүзеге асады.
Алексей Жихарев, Жаңартылатын энергетиканы дамыту қауымдастығының директоры:
- Жалпы алғанда, бірінші бағдарлама бойынша инвестиция көлемі 650 миллиард рубльді құрады, оның 50 миллиарды – өнеркәсіптік сегментті дамытуға арналған инвестициялар, яғни жабдықтарды өндіруге, өнеркәсіптік кәсіпорын құруға салынған инвестициялар. Ал 2035 жылға дейін генерация мен жаңғыртуға тағы 550 млрд жұмсалуы тиіс.
Григорий Назаров, жел энергетикалық компаниясының бас директоры:
- Алдағы 3 жылда күн және жел энергиясының жаңа қуаттарын белсенді түрде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бағдарлама заманауи жабдыққа негізделеді. Қазір осы сегментке инвестиция салатын компаниялар жаңа технологиялық серіктестерді тартуды белсенді түрде қарастырып жатыр.
Дегенмен мамандар Ресейде баламалы энергетика қарқынды түрде дамиды дегенге сенгісі жоқ. Себебі баламалы қуат көздерін орналастыру мен өндіру дәстүрлі энергияға қарағанда айтарлықтай қымбат.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.