Испанияда демография нашарлады
Испанияда бала туу көрсеткіші жыл сайын он процентке азаяды.
Осылайша демографиялық өсім бәсеңдеп, ел тарихындағы ең төменгі деңгейге жетті. Бұл туралы Ұлттық статистика институты мәлімдеді. Қазіргі таңда Испания,,, туу көрсеткіші бойынша Ирландия мен Италияның қатарына қосылды.
Жасы 45-тен асқан Клаудия Гарсия есепші болып жұмыс істейді. Ол әзір күйеуге шығуға асықпайды. Себебі бала тәрбиесіне келгенде 50/50 қағидатын ұстанады. Яғни күйеуі де бала бағып, Клаудияға тең дәрежеде қолғабыс жасауы тиіс. Ал ондай азамат әлі кездеспеген.
Клаудия Гарсия, Барселона қаласының тұрғыны:
- Менің жасым 45 те, ата-анаммен тұрамын, өйткені үй жағы қиын, көлікті ипотекаға сатып алдым. Ата-анам көп көмектеседі, балама тең уақытын бөлетін адамды әлі кездестірмедім.
Расымен ел астанасы Мадрид, Каталонияның Барселонасы болсын бала көтеріп жүрген әйелдерді жолықтыру қиын. Испанияда сәбиге қарағанда ит жетектегендер көп. Демографтардың өзі: он төрт жасқа дейінгі жеткіншектер саны 1960 жылы халықтың 27 пайызын құраса, 2021 жылы 14, ал қазір олардың үлесі он бір процентке төмендегенін айтады. Қоғам қартайып барады. Еуростаттың мәліметінше, елде 45 жастан асқан әйелдердің үлесі басым.
Антонио Алькарас, Барселона ауруханасының бөлім жетекшісі:
- Жыл сайын бала туу көрсеткіші он процентке төмендеп отыр. Мұның экономикалық, әлеуметтік себептері бар. Менің жеке көзқарасым бойынша - испан әйелдерінің жұмыс пен жеке өмірінің арасындағы тепе-теңдікті сақтай алмауы басты себеп.
Демографтар биліктен неке саясатын қалыпқа келтіруді сұрайды. Ол үшін зейнетақы жүйесінен бастап жұмыс күші, денсаулық сақтау және медициналық көмек пен жалпы жанұялық құндылықтарды қолға алу қажет. Бала тәрбиесі де назардан тыс қалмауы тиіс.
Аида Қыдырбай, тілші:
- 2017 - 2021 жылдар аралығында Испанияда туу көрсеткіші мың тұрғынға шаққанда 7,6 баладан келген. Бұл Еуропалық көрсеткіш бойынша өте төмен, өйткені Еуропада орташа көрсеткіш мың тұрғынға 9,3 баладан келеді. Жалпы кәрі құрлық бойынша бала туу деңгейі ең төменгі екінші ел - Италия. Онда мың тұрғынға шаққанда 7,1 бала. Ал Ирландияда статистика мүлдем жаға ұстатарлық, мұнда мың тұрғынға шаққанда он екі бала ғана дүниеге келеді.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач