Финляндияда жаңа үкімет жұмысқа кірісті
Бұған дейін елді социал-демократтардың жетекшісі басқарған, енді Ұлттық Коалиция атынан консерваторлар билікке келді.
Жаңа үкімет басшысы НАТО-мен қарым-қатынасты нығайтып, Еуропалық Одақ мемлекеттерімен байланысты дамытпақ.
Финляндияда жаңа үкімет жасақталды. Бұл күнді халық тағатсыздана күтті. Ел президенті Саули Ниинисте социал-демократиялық партияның жетекшісі Санну Маринге алғыс айтып, шығарып салды. Ал Премьер- министр қызметіне Ұлттық коалициялық партия жетекшісі – консерватор 53 жастағы ПЕттери Орпо кірісті.
Петтери Орпо, Финляндия премьер-министрі:
- Финляндияға өзгеріс керек. Азаматтарымыз жаңа реформаларды қалайды. Біз халқымыздың қамын ойлауымыз қажет.Үкімет қарқынды өзгерістер жасауы тиіс. Қажетті шаралар тез арада қолға алынады.
Қалай болғанда да жаңа өзгерістер ең алдымен мигранттар мен босқындар мәселесінен басталайын деп тұр. Оңшылдар партиясының өкілдері күрмеуі күрделі проблеманы тез арада шешу керек дейді. Жаңа үкімет басшысы босқындарды қабылдау квотасын қысқартып, көші-қон заңнамасын қатаңдату туралы шешім қабылдап үлгерді. Сондай-ақ Министрлер кабинетінің жаңа басшысы мемлекеттік шығындарды азайтып, әлеуметтік жәрдемақы көлемін 6 млрд еуроға қысқартуды көздеп отыр.
Петтери Орпо, Финляндия премьер-министрі:
- Ең бастысы, ел экономикасын қалпына келтіру керек. Мемлекеттің қаржы секторын дамыту маңызды. Сонымен қатар Финляндия НАТО-мен қарым-қатынасын нығаутуы тиіс. Осылайша, еліміз Қорғаныс күштерін дамытуға басымдық береді. Тағы бір мақсат - ЕО елдері арасында белсенділікті артыру керек. Мықты серіктестеріміздің көп болғаны жақсы.
Дегенмен, сарапшылар Еуропалық Одақта Финлядияның рөлін арттыру жаңа премьердің амбициясы ғана болуы мүмкін деп пайымдайды. Себебі ел экономикасы қазір түрлі қиындықтарға тап болған. Финляндия да жаһанды жайлаған қаржы дағдарысынан құтыла алмай отыр. Мұны ел президенті Саули Ниинисте де растап, жаңа үкіметтің алдында күрделі жұмыс тұрғанын баса айтты.
Мақпал Сержанқызы