Грузияда кадр тапшылығы мәселеге айналды
Грузияда кадр тапшылығы үлкен мәселеге айналды.
Былтырдың өзінде құрылыс, инженерия, қызмет көрсету салаларында білікті маман тапшылығы сезіле бастаған.
Грузиядағы мейрамханалар пандемия кезінде бірқатар қызметкерін жоғалтқан. Сол олқылықтың орны әлі толған жоқ. Әсіресе ел астанасындағы жағдай күрделі. Мұндағы мамандар жазда жалақысы бірнеше есе жоғары Батумиге кетіп қалады.
Шота Бурджанадзе, мейрамхана мамандары қауымдастығының төрағасы:
- Грузияда қазір шамамен 4263 тамақтану орны бар. Оларда жүз мыңдай адам жұмыс істейді. Бұл сан былай қарағанда көп болып көрінуі мүмкін. Бірақ қазір аталған салада 30 мың адам жетіспейді. Пандемияға дейін тамақтану орындары да, қызметкерлер саны да 2 есе көп болатын.
Сарапшылар еңбек нарығына арнайы зерттеу жасады. Сауалнамаға қатысқан компания басшыларының 59 пайызы бірінші тоқсанда білікті мамандардың жетіспеушілігін атап өткен.
Леван Вепхвадзе, бизнес-қауымдастықтың атқарушы директоры:
- Бірінші кезекте бізге білікті мамандар жетіспейді. Неге? Себебі қазір грузин экономикасына көп инвестиция құйылып, жаңа компаниялар ашылып жатыр. Осыған сәйкес елге жаңа технологиялар келуде. Осы заманауи құралдармен жұмыс істейтін адам ауадай қажет. Екінші мәселе - мамандар жаппай шетел асып кетіп жатыр. Көбінің көздегені Еуропа мен Америка. Өйткені олар жақсы маманға барлық жағдай жасайды.
Білікті маманды оқытып-үйретуге көп жыл кетеді. Сондықтан сарапшылар кадр тапшылығын шешу үшін мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама қабылдануы қажет деп есептейді.
Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина