Британияда жұмыс бар, алайда жұмысшы жоқ

Ұлыбританияда жұмыс көп, бірақ жұмыс күші жетіспейді.

Брексит Еуропадан келетін мигранттарға тосқауыл қойып тастағалы еңбек нарығындағы жағдай күрделене түсті. Карантиннен кейін жұмысқа шықпай қойған егде жастағы кісілер де жығылғанға жұдырық болып отыр. Кадр тапшылығына тап болған мекемелер жұмыс күшін тарту үшін халықты жоғары жалақымен қызықтыруға мәжбүр. Бірақ бұл тығырықтан шығудың жолы ма?

Ұлыбританияда жұмыс істейтін адамдар жетіспейді. Әсіресе халыққа қызмет көрсету саласында маман тапшы. Ел Еуропалық одақ құрамынан шыққаннан кейін еңбек-мигранттары туған жерлеріне оралған. Ал Еуроодақ құрамына кірмейтін мемлекеттерден келген жұмысшылар олардың орнын толтыра алмай отыр. Елде бос жұмыс орындары миллионан асқандықтан жұмысшыларға деген талас күшейе түсті. Жұмыс берушілердің жоғары жалақымен қызықтырудан басқа амалы қалмағандай. 

Питер Нил, кафе иесі:

- Егер жағдай бұлай жалғаса беретін болса, бизнесіміздің сақталуы  неғайбыл. Газ бен жарықтың бағасы шамамен 70 процентке өсті. Жұмыс күшіне төленетін жалақы артты. Ал бағаларымызды 8 процентке ғана қымбаттаттық. Осылайша кірісіміз азайды. 

Көктемде айлық өткен жылмен салыстырғанда 7,2 процентке артқан. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Бірақ бәрібір 8,7 процентті құрайтын инфляциядан төмен. Демек жалақы көлемі 2,8 процентке түсіп кетті деген сөз. 

Энтони Грейлинг, сарапшы:

- Оптимизм тұрғысынан алып қарағанда жалақының көбеюі жұмысшылар үшін жақсы. Бірақ бұл экономика үшін тиімсіз. Яғни инфляцияның шарықтауына себепші болады. Англия банкі проценттік мөлшерлемені тағы көтеруі мүмкін. Бұл өз кезегінде несиесі барларды тығырыққа тірейді. 

Коронавирустың екінші толқынынан кейін жұмыс істейтін егде жастағылардың саны азайды. Олардың кейбірі уақытынан бұрын зейнет демалысына шығып кетті. Ұзақ науқастанған адамдардың саны рекордтық деңгейге жетіп, еңбек нарығының аясы тарылды. Қаржы саласына жауаптылардың пікірінше, баға әлі де өседі.

Эндрю Бейли, Англия банкінің басқарушысы:

- Мәліметтерге сәйкес, еңбек нарығындағы жағдай қиын болып тұр. Бос жұмыс орындарын ұсынушылар азайып келеді, бірақ бұл өте баяу қарқын алуда. Инфляция деңгейінің төмендейтіндігіне сенімдіміз. Бірақ біз болжағандай емес, бұған көптеу уақыт кетейін деп тұр. 

Еңбек нарығындағы күрделі жағдай инфляцияға кері әсерін тигізіп, экономикалық өсімді шектеуі мүмкін. Кейбір мемлекеттік қарыздардың да көлемі артпақ. Елде өмір сүру құны қымбаттағандықтан кезінде Брекситті қолдағандар райынан қайтып жатыр. Бұған сауалнамалардың қорытындылары дәлел. 

Ғалымжан Қараманұлы