АҚШ-та инфляция дес бермей тұр
Аузын айға білеген АҚШ-та инфляция дес бермей тұр.
Сарапшылар тұрақты экономика болу үшін көрсеткіш 2 процент болу керек дейді. Ал қазіргі меже одан екі есе жоғары. Сондықтан пайыздық мөлшерлеме тағы өсуі мүмкін. Сарапшылардың пайымдауынша, Англия банкі де алдағы уақытта осындай шешім қабылдауы тиіс. Ал Түркияда 2021-жылдан бері алғаш рет пайыздық мөлшерлеме көтерілді.
Түркияның Орталық банкі 27 ай бойы пайыздық мөлшерлемені көтермей қойған еді. Сарапшылар оны жақында ғана ауысқан мекеме басшысының жаңа саясаты- деп түсіндіреді. Толығырақ бірер секундтан кейін айтамын.
Қос бүйірден қымбатшылық қысқанда
Биыл АҚШ-тың экономикалық өсімі баяу. Инфляция өткен аймен салыстырғанда біраз төмендеген. Десе оның деңгейі әлі де жоғары - 4 процент шамасында. Федералдық қор жүйесінің есебі осындай. Сол себепті ұйым басшысы жыл соңына дейін базалық пайыздық мөлшерлеменің тағы да көтерілуі мүмкін екенін ескертті. 14-маусымдағы отырыс қорытындысы бойынша федералдық қор жүйесі мөлшерлемені өзгертпей, сол 5,25 процент деңгейінде қалдырған еді. Ұйым өткен жылдың көктемінен бері оны 10 рет көтерген еді. Сарапшылар ел экономикасы рецессияға түспеу үшін тұтынушылық сұраныс жоғары болу керек дейді. Кейінгі уақытта оң өзгерістер байқалып та отыр. Алайда тұрғын үй секторындағы белсенділік әлі де төмен. Өйткені ипотека бойынша мөлшерлемелер жоғары. Сондықтан сарапшылар алдағы уақытта федералдық қор жүйесі елде қаржы-несие саясатын одан әрі қатаңдататынын болжап отыр.
Джером Пауэлл, АҚШ федералдық қор жүйесінің төрағасы:
- Біздің мақсатымыз - инфляция деңгейін 2 процентке дейін төмендету. Алайда қазіргі көрсеткіштер әлдеқайда жоғары. Сондықтан еңбек нарығындағы ахуал әлі де күрделі. Бұл ретте федералдық қор жүйесі қаржы-несие саясатын қатаңдатуға мәжбүр.
Бұлыңғыр болжам
Англия банкі де пайыздық мөлшерлемені 4,75 процентке дейін көтеруі мүмкін. Сарапшылар осылай деп болжап отыр. Бұл кейінгі 15 жылда болмаған жағдай. Корольдікті қымбатшылық қыспаққа алып барады. Сәуірде инфляция төмендеген. Сарапшылар мамырда ДА осылай болады деп пайымдаған еді. Алайда болжамдары расталмады. Жаз маусымына байланысты әуе тасымалы, демалысқа арналған тауарлар мен қызмет құнының өсуі байқалып отыр. Соның салдарынан басқа өнімдер де қымбаттаған. "Джи-Жетіге" кіретін 7 мемлекеттіі ішінде дәл осы Ұлыбританияда тұтыну бағасының индексі ең жоғары деңгейде. Премьер-министр жыл соңына дейін инфляцияны 2 есе азайтуға уәде беріп отыр.
Джереми Хант, Ұлыбритания Қаржы министрі:
- Өзге елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, пайыздық мөлшерлемені көтергенде, инфляция баяулай бастайды. Сондықтан біз дұрыс саясатты ұстанып отырмыз. Тек уақыт пен шыдамдылық керек. Ипотекасы бар тұрғындарға қиын екенін жақсы түсінеміз. Осы аптаның ішінде сала өкілдерімен кездесемін. Олармен ипотека бойынша қандай жеңілдіктер жасауға болатыны жайлы ақылдасамыз.
Инфляция шарықтап тұр
Түркияда мамырда инфляция 40 процентке жуықтаған. Сарапшылардың түсіндіруінше: «оны тежеу үшін пайыздық мөлшерлемені көтеру керек. Алайда Түркияның орталық банкі ұазық уақыт бойы оған қарсы болды. Бірақ соңғы мәлімет бойынша, қаржы мекемесі мөлшерлемені 8,5 проценттен 15-ке дейін көтерді. Сөйтіп кейінгі 2 жылда алғаш рет осындай шешім қабылдап отыр. Соңғы рет пайыздық мөлшерлеме 2021 жылдың көктемінде көтерілген. Сол уақыттан бері не төмендетелді не сол көрсеткіш сақталып келді. Осыған қатысты Орталық банктің жұмысына көп сын айтылып келді. Алайда мамырда өткен президент сайлауынан кейін мекеме басшысы ауысып, қаржы-несие саясатында өзгерістер байқала бастағанға ұқсайды», - дейді сарапшылар.