Halyk қосымшасында әр он бес минут сайын 800-ден астам қызмет көрсетіледі
«Halyk Bank» қаржылық және мемлекеттік қызмет алу ісін жеңілдетті.
Бұл үшін кеңсеге барып, құжат жинаудың қажеті жоқ. Барлығы онлайн әзірленеді. Банк қосымшасы арқылы 15 минут сайын орташа есеппен 800-дей қызмет көрсетіледі. Бұл жайында Ташкентте өткен қаржылық технологияны дамыту жөніндегі халықаралық форумда айтылды.
«Halyk Bank» елдегі ең ірі қаржылық құрылым ретінде заманауи «финтех» жобаларын қарқынды жүзеге асырып келеді. Нәтижесінде нарықтағы онлайн несиенің 85 проценті «Halyk» мобильді қосымшасы арқылы беріліп жүр. Тауар құнын бөліп төлеу шарты ұсынылатын маркетплейс те іске қосылған.
Жұмабек Мамутов, Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары:
- Цифрлық экожүйені дамыту кезінде үш маңызды бағытты айқындап алдық. Әуелі біз ұсынатын өнім, одан кейін қауіпсіздік және барлық ойға алған істі жүзеге асыратын команданың болуы. Осының арқасында қаржылық және қаржылық емес қызмет көрсетілетін бірегей мобильді қосымша жасалды. Оны ай сайын 6,3 млн адам пайдаланады.
Мемлекет пен қаржылық сектор арасында өзіндік синергия қалыптасып отыр. Мобильді қосымшада «egov» жүйесіндегі 45 түрлі қызмет қолжетімді. Оның ішінде, некені тіркеу, көлік жүргізу куәлігін жаңарту және көлікті заңдастыру сынды сервистер кең қолданыла бастады.
Нариман Мұқышев, Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары:
- Онлайн қызметтерді біз банктік сервисті жақсарту үшін қолданамыз. Мәселен, ипотека немесе автокөлік несиесін рәсімдеу кезінде кепіл және келісімшартты тіркеу шаруалары цифрлық жүйеде орындалады. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Бұдан бөлек біз тұтынушыға керекті қарапайым «GovTeck» қызметтерін мобильді қосымша арқылы ұсынамыз.
Ал Өзбекстанда ашылған «Tenge Bank» активтері 4 жылда 500 млн доллардан асты. Бір ғана автонесиелеу бойынша үздік үштікке енді.
Талғат Аюпов, Tenge Bank Басқарма төрағасы:
- Процестерді автоматтандыру операциялық тәуекелдерді азайтатын қозғаушы күш болып отыр. Оның барысында қателіктер азайып, алаяқтыққа жол берілмейді. Бастысы, банктің де, тұтынушының да уақыты, операциялық шығындары үнемделеді.
«Halyk Group» көрші ел нарығында қаржылық қызметтерін дамыта бермек. Мемлекеттік органдармен синергия бағдарламасын да жүзеге асыру көзделіп отыр.
Рауан Мыңбаев