Сырдария мен Әмудария бассейнінде су ресурстары азайып барады
Биылғы вегетациялық кезеңде көрсеткіш 15-20 процентке төмендеуі мүмкін.
Мұны өзбекстандық мамандар айтып отыр. Осыған орай, көршіміз суармалы жердің 25 процентін үнемдеу технологиясына көшіріп үлгерді. Әрі тіршілік нәрін ретсіз пайдалануға тыйым салды.
Мұндай су үнемдеу технологиясын енгізген өзбекстандық фермерлер бюджеттен қосымша субсидия алып отыр. Нәтижесінде өнімділік артып, табыс артты. Жаңбырлатып суаруға арналған бір ғана қондырғы 120 гектар жерді қамтиды. Биыл шаруа автриялық технологияның көмегімен 50 тонна картоп жинауға ниетті.
Шавкат Сұлтонов, фермер:
- Суару техникасын 4 млрд сомға сатып алдық. Мұны бізге еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынды. Сатып алуға да көмектесті. Қондырғының ерекшелігі, тіршілік нәрі мен тыңайтқыш өсімдіктің бірден тамырына барады. Ресурсты үнемдеу арқылы жерді тиімді пайдаланып отырмыз.
Ел үкіметі барлық өңірде суға қатысты шектеу қойған. Ресурсты ретсіз пайдалануға мүлде тыйым салынды. Гидротехникалық құрылымдарды рұқсатсыз кәдеге жаратқандар анықталса, жауапқа тартылады. Кезекте су жеткізу нысандарын толық цифрландыру міндеті тұр. Стратегиялық ресурсты тиімді пайдаланғандар салықтық жеңілдікке ие болады.
Равшан Назаров, су саласы бойынша сарапшы:
- Аграрлық сала Өзбекстанда үлкен маңызға ие. Сондықтан су тұтыну мөлшері көп. Қазір оны үнемдеу технологиялары енгізілді. Орталық Азия мұздықтары алдын ала болжамнан да ерте еріп жатыр. 50-ші жылдарға қарай түгесіліп қалуы мүмкін.
Өзбекстан Әмудария өзенінде судың деңгейі жылдан жылға азайып бара жатқанын айтады. Оны осы күні елдің тек оңтүстік өңірлері мен Ауғанстанның солтүстігі пайдаланады. Алайда тәліптер басқаратын үкімет өзен арнасын оңтүстік бағытқа бұру ісін қайта қолға алды. Өзбекстан дипломатиялық жолдармен бұл іске қарсылығын жеткізді.
Равшан Назаров, су саласы бойынша сарапшы:
- Халықаралық нормалар бойынша Ауғанстан бұл істі жүзеге асыра алады. Бірақ Әмудария бұрынғыдай ресурс жоқ. «Куштепа» арнасын қазу жобасы әзірленген кезде жағдай басқаша еді. Жоба Орталық Азияның су жетіспеушілігін қиындата түседі. Өзбекстан ғана емес, Түрікменстан зардап шегеді. Арал маңының экологиясы нашарлай түседі.
Рауан Мыңбаев, тілші:
Әмудария ғана емес, Сырдың да жайы мәз емес. Ондағы ресурс биылдың өзінде 10-15 процентке азаяды деген болжам бар. Демек маңайдағы мемлекеттер үшін әзірге суды үнемдеуден басқа амал қалмай отыр.
Авторы: Рауан Мыңбаев