Қырғызстанда киберспортқа қызығушылық артты
Қырғызстанда киберспортқа деген қызығушылық жыл сайын артып келеді.
Себебі ол тек ойын ғана емес, табыс көзіне айналған. Алайда, кәсіби "киберспортшы" болу оңай емес. Денсаулыққа да зиянды тұсы бар.
Қырғызстанда екі жүзге жуық кәсіби спортшы мен мыңдаған әуесқой ойыншы бар. Жаңа дамып келе жатқан киберспорт халық арасында кеңінен танымал. Алайда, екінің бірі іріктеуден өте бермейді. Ойынның түріне қарай, күрделі талаптар бар.
Руслан Атеев Қырғызстан, Компьютерлік спорт федерациясының президенті:
- Көптеген турнирлер бар, мысалы, Халықаралық федерациялар, Азия ойындары, тағы басқа. Біз ойыншыларды іріктейміз, іздейміз. Қазіргі таңда Қырғызстанның атынан шығатын кәсіби ойыншылар бар.
Компьютерлік спорт федерациясы елде 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Бірлестік мүшелерінің саны 9 жылда едәуір артты. Әр түрлі халықаралық киберспорт турнирлеріндегі жеңістер мен қомақты жүлде қорлары киберспортқа деген көпшіліктің қызығушылығын арттырғаны сөзсіз.
Виктор Котляревский, киберспорт турнирлерін ұйымдастырушы:
- Қырғызстан, Қазақстан турнирлерді ТИР 4-тен ТИР 2-ге дейін өткізеді. Мұның бәрі тағы да жүлде қорына, ұйым деңгейіне, жақсы жарықтандыру және сәйкесінше турнирлерде ойнайтын ойыншылардың деңгейіне байланысты. Көбінесе аты шыққан ойыншылар шақырылады.
Қазір Қырғыз елінде жыл бойы турнирлерде бақ сынайтын кәсіби ойыншылардың бірнеше командасы бар. Сонымен қатар, жарыстардың географиясы кең. Мәселен, өткен жылғы "Аламан" турнирінде қырғызстандықтар жеңімпаз атанып, бір миллион теңгені қанжығасына байлады. Жергілікті киберспортшылар алар асу бұл бәйгемен шектеліп қалмасына сенімді.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Бақыт Чермашев