Сингапурда киберспорттан Олимпиада ұйымдастырылды
Киберспорттан әлемде алғаш рет Олимпиада ұйымдастырылды.
Сингапурға жаһанның 60 елінен 130 спортшы келіп, бақ сынап жатыр.
Сити Чиви – кибер-ойыншыға ұқсамайды. 38 жастағы әйел - екі баланың анасы, күнделікті атқаратын қызметі фитнес саласымен тығыз байланысты. Ал, киберспорттан Олимпиадаға келген ол би турнирінде бақ сынайды. Экрандағы электронды бишінің нұсқауын орындап, хореографиядағы талантын көрсетуі тиіс. Виртуалды бидің қимылдарын мүмкіндігінше дәл және мәнерлі қайталаған адам жеңіске жетеді.
Сити Чживи, киберспортшы:
- Менің кішкентай балаларым және жұмысым бар. Енді бұған олимпиадаға жолдама алған киберспорт ойыншысының рөлі қосылды. Әрине, көп энергияны қажет етеді, бірақ мен сынақтан сүрінбей өтуге дайынмын. Күніне бірнеше сағат жаттығамын, тіпті, балаларым да бұл процессті ұнатады.
Алғаш рет өтіп жатқан киберспорт Олимпиадасы апталығы 25 маусымда мәресіне жетеді. Бағдарламаға виртуалды бейсбол ойнау, велосипед тебу және қайықпен ескек есу сияқты 10 түрлі бағыт кіреді. Төрт күндік фестиваль сонымен қатар соңғы технологиялар көрмелерін, білім беру дәрістерін және көрме матчтарын өткізеді.
Винсент Перейра, халықаралық Олимпиада комитеті виртуалды спорт бөлімінің басшысы:
- Киберспорт апталығы - бұл тактикалық әдіс емес, біздің жаһандық стратегиямыздың бір бөлігі. Біз компьютерлік спортты брендке айналдырдық, Сингапурдан кейін бұл игі дәстүрді жыл сайын жалғастыру – жоспарымызда бар. Болашақта Олимпиада өтетін қалалар жайлы жоспарларды талқыладық.
Халықаралық Олимпиада комитеті 2017 жылы киберспортты ресми спорт түрі деп таныды. Дәл сол жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарына енді. Ал Олимпиадаға қатысу үшін жаһандық спорт Федерациясы киберспортшыларды допингке тексеру режимін енгізуі керек.
Авторы: Сымбат Ғалымжанқызы