Мәскеуде терроризмге қарсы операция режимі енгізілді
Ресей астанасында қалыптасқан қазіргі жағдайды Мәскеудегі меншікті тілшіміз баяндайды.
Дана Нұржан, тілші:
- Мәскеуде терроризмге қарсы операция режимі енгізілді. Бұл құжаттарды тексеруге, тінту жасауға, байланысты өшіруге, жол қатынасын шектеуге мүмкіндік береді. Мәскеу мэрі қаладағы барлық қызмет түрлері кедергісіз жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Қазір мен қаланың орталығында тұрмын. Мұнда жүріс-тұрысқа әзірге шектеу жоқ.
Ерекше режимге байланысты барлық іс-шаралар кейінге шегерілді. Бүгін орталық саябақтарда түлектердің мектеп бітіру кеші өтуі керек еді. Оған 40 мыңға жуық оқушы қатысады деп жоспарланған. Енді бұл іс-шара алдағы аптаға ауыстырылды.
Терроризмге қарсы режим Мәскеу және Воронеж облыстарында да енгізілді. Бұқаралық іс-шаралар Тверь, Калининград, Калуга, Том облыстарында да тоқтатылды. Бұл шектеулердің Санкт-Петербургке қатысы жоқ. Кейбір аймақтарда қауіпсіздік шаралары күшейтілді.