Мәскеудегі ахуал қандай?
Мәскеуде терроризмге қарсы операция режимі енгізілді.
Арнамыздың Ресейдегі меншікті тілшісі Дана Нұржанның хабарлауынша, әзірге қалада жүріс-тұрысқа шектеу жоқ. Аталған режим құжаттарды тексеруге, тінту жасауға, байланысты өшіруге, жол қатынасын шектеуге мүмкіндік береді. Қазір барлық іс-шаралар кейінге шегерілген. Бүгін орталық саябақтарда түлектердің мектеп бітіру кеші өтуі керек еді. Оған 40 мыңға жуық оқушы қатысады деп жоспарланған. Енді бұл іс-шара алдағы аптаға ауыстырылды. Мәскеу мэрі қаладағы барлық қызмет түрлері кедергісіз жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Терроризмге қарсы режим Мәскеу және Воронеж облыстарында да енгізілді. Бұқаралық іс-шаралар Тверь, Калининград, Калуга, Том облыстарында да тоқтатылды. Бұл шектеулердің Санкт-Петербургке қатысы жоқ. Кейбір аймақтарда қауіпсіздік шаралары күшейтілді.