Кореяда даяшы қызметін роботтар атқаратын мейрамхана ашылды
Оңтүстік Кореяда даяшы қызметін роботтар атқаратын әлемдегі ең үлкен мейрамхана ашылды.
Көпшілік құлтемірлердің жұмысын тамашалау үшін Чолла провинциясына келіп жатыр.
Владислав Цой, тілші:
- Бұл мейрамханада әлемде алғаш рет 16 робот бір уақытта жұмыс істейді. Олар 90 үстелге қызмет етеді. Құлтемірлер бір-бірімен соқтығыспайды, өйткені роботтар сенсор және камерамен жабдықталған.
Роботтар әлі адамдарды толығымен алмастыра алмайды. Тамақты кәсіби аспаздар дайындайды, ал нағыз даяшылар ақылды машиналарға ыдыстарды үстелдерге қоюға көмектеседі. Клиенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бағдарламашылар роботтардың қозғалыс жылдамдығын анықтап, мейрамхананың залдарына Wi-Fi бағытын орнатты.
Чон Джин, телекоммуникациялық компанияның филиал басшысы:
- Бұл мейрамхана шамамен 1000 шаршы метр аумақта орналасқан. Менің ойымша, бұл 16 робот жұмыс істейтін әлемдегі жалғыз мекеме. Сондай-ақ біз роботтармен бірге 90 электронды мәзірді қолданамыз. Бір немесе екі роботты пайдалану үшін Wi-Fi сапасы маңызды емес, бірақ 16 робот үшін байланыс желісі маңызды. 2021 жылы 1-буын роботы жасалды, ол шағын болды. Екінші буын роботы 4 деңгейлі және үлкенірек болды.
«Ақылды даяшылар» мейрамхана иесінің көңілінен шықты. Әзірге роботтар ыдыс-аяқ сындырып, мінез көрсеткен емес.
Ли Чоль Мин, мейрамхана иесі:
- Бір қызметкердің айлығына 8 роботты пайдалануға болады. Біз роботтарды айына 600 000 вонға немесе шамамен 500 долларға жалға аламыз. Мейрамханада роботтар қолданылғаннан кейін қызмет көрсету сапасы артты. Роботтарды қолданудан екі жыл бұрын ғимарат дайындалған болатын. Бағыттарын дайындап, үстелдер арасындағы қашықтықты сақтау қажет болды. Мейрамхананың табысы 30%-ға өсті. Келушілер саны 30 мыңнан асты.
Пак Да Вон, жергілікті тұрғын:
- Бұрын осы мейрамхана дәмді ет пен терезе сыртындағы әсем көріністің арқасында танымал болды. Менің ойымша, роботтар жақсы жұмыс істейді. Барлығы жинақы, қателесіп жатқандарын көрмедік.
Жақында мұндай роботтар Оңтүстік Кореяның тағы 2 мейрамханасында пайда болады. Демек, ақылды машиналар адамдарды жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Өйткені Кореяда робот-аспазшы мен робот-бариста жасалды. Ал мейрамхананы толық автоматтандыруға енді тек дастархан жая алатын құлтемір жетпей тұр. Ол енді уақыттың еншісінде.
Владислав Цой, Ольга Лян