Ұлыбританияда киберспорт қарқын алып келеді
Соңғы жылдары киберспорт нарығы Ұлыбританияда қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бастапқыда еріккеннің ермегі болған компьютерлік ойындар толыққанды кәсіби спорт түріне және табыс көзіне айналды. Мұны байқаған жергілікті билік саланы жан-жақты қолдай бастады.
Лондон киберспорттық жарыстар өтетін ірі әлемдік хабқа айналғалы қашан. Бұған, әлбетте, геймерлер арасында зор сұранысқа ие ойындар шығаратын компаниялардың осында орналасқаны септігін тигізді. Мұндай турнирлер әлем бойынша миллиондаған көрермен жинайды. Қатысушы командалардың ұтысы да миллион фунттан асып жығылады.
- Иә, мен өзімді спортшымын деп есептеймін. Бізде бәрі спорттағыдай. Жаттықтырушыларымыз бар, тәжірибелік сабақтар өтеді. Айналысып жатқан ісіміз өте ұнайды.
- Меніңше, технологиялар ілгерілеген сайын киберспорт та дами береді. Бұл жай спорттан да мықты тартыс түрі болайын деп тұр.
Жазғы және қысқы олимпиада ойындарының жаңа спорт түрлерімен толығып отыратыны белгілі. Мәселен, халықаралық жарыстардың тізіміне құзға шығу, скейтбординг және биг-эйр ілінді. Олардың қатарына енді киберспорт та қосылуы мүмкін. Компьютерлік ойындар дене белсенділігін қажет етпегенімен, басқа спорт түрлері сияқты ойыншыны қатты шаршатады.
Руби Доун, киберспорттан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері:
- Ата-аналар компьютерге телмірген балаларын көріп, уақыттары зая кетіп жатыр деп қобалжуы мүмкін. Бірақ бұл – табысқа жетелейтін спорт түрі. Ұлыбритания киберспорт бойынша озық болып, таланттар тәрбиелейтініне сенімім мол.
Киберспорт колледждер мен университеттерде арнайы оқытылады. Оқу бағдарламасына сәйкес студенттер шағын және ауқымды турнирлер өткізуге машықтанады. Бизнес-жоспарлар жасауды, қауымдастықтар құруды үйренеді, цифрлық маркетингтің қыр-сырын меңгереді.
Барни Брукер, кибеспорт факультетінің түлегі:
- Бұл – Ұлыбритания үшін жаңа мамандықтардың бірі. Оқуға қажет құрал-жабдықтардың барлығын университет қамтамасыз етті. Өйткені киберспортты озық технологияларсыз үйрену мүмкін емес.
Тұманды Альбионда киберспорт ресми түрде мойындалмаған. Бірақ биліктегілер бұл саланы жан-жақты қолдап, компьютерлік ойындар индустриясын негізінен 20 проценттік салықтық жеңілдіктер түрінде қаржыландырып келеді.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.