Грузияда бөлме гүлдеріне арналған қонақүй бар
Адамдар ұзақ уақыт сапарға аттанатын болса, өсімдіктерін осы жерге қалдырып кетеді.
Гүлдерді күтіп баптауға барлық жағдай қарастырылған. Соңғы кезде орын тапшылығы байқалып отыр. Өсімдіктер қонақ үйі бұған дейін тек Лондонда болған.
Бұл Грузиядағы алғашқы жасыл қонақүй. Оның өзге мейманханалардан айырмашылығы жоқ. Барлық қызмет түрі қарастырылған. Тіпті емдеу де кіреді. Тек тұрғындар адамдар емес, өсімдіктер. Мейманханаға сұраныс бір жылда 2 есе өскен.
Тамар Размадзе, қонақүй қожайыны:
- Бастапқыда Грузияда жоқ гүлдерді өсірумен айналысқам. Кейін пандемия басталып, осындай қонақ үй ашу туралы идея келді. Содан құрбым екеуіміз зерттеп, ақпар жинауға кірістік. Мұндай мейманхана тек Лондонда бар екенін білдік. Алдымен Тбилисиде ауқымы 500 шаршы метрлік қонақүй аштық. Қазір Табахмела ауылында бұдан үлкен тағы бір мейманханамыз бар. Осы салада кәсіп етіп жатқанымызға 2 жылдай болды. Енді Тбилисиде шоурум ашуды жоспарлап отырмыз.
Бірегей қонақүйдің клиенттері негізінен нәзік жандар. Енді үй өсімдіктері олардың саяхаты мен іссапарларына кедергі келтірмейді. Мейманханада кез келген гүлді қалдыруға болады. Әдетте нәзік жандар мұнда гүлдерін 3 айға дейін тапсырып кетеді.
Нино Урушадзе, жергілкті тұрғын:
- Шетелге жиі шығатындықтан осы қонақ үйдің қызметін пайдаланам. Өте қолайлы. Мұнда өсімдікті күту үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті оларға қалай дұрыс қарау керектігі туралы кеңестер де беріп тұрады.
Қонақүй қызметі қолжетімді. Мысалы, 4 гүлді бір аптаға 19 долларға қалдыруға болады. Мейманханада гүлдерді күтіп ғана қоймай емдеп, көбейту жағы да қарастырылған.
Дәурен Ақашұлы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили