Сауд Арабиясы. Құрбан айтқа дайындық
Сауд Арабиясының билігі қажылық парызын өтеуге келген мұсылмандарға қызмет көрсетуге толықтай дайын.
Айта кеткен жөн, қажылармен бірге әлемнің түкпір-түкпірінен барған журналистер де қасиетті жерден хабар тарататын болады.
Сауд Арабиясы билігінің мәліметінше, биыл өз парызын орындап, қажылық жасайтын адамдардың саны екі жарым миллионнан асады. Кеше олар Меккеден Мина жазығына аттанды. Бұл Мекке мен Муздалифа арасында орналасқан қасиетті жер. Қажылық кезіндегі құрбан шалу, шайтанға тас ату секілді құлшылықтардың бәрі осы жерде жасалады. Осы жерде түнеп, таңертең Арафат тауына аттанады. Жергілікті билік өз парызын орындау үшін жамағатқа барлық жағдай жасаған. Жексенбіден бастап қасиетті жерлерге метро қатынай бастады. Мина жазығындағы шатырлар желдеткіштермен жабдықталған.
Мохаммед Гамаль Хасан Ибрагим, Египет азаматы:
-Минаға жетіп, тамақ-сусынынан бастап кондиционерлеріне дейін, бәрі дайын екенін көрдік. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз.
Әлемді жайлаған инфляцияға байланысты қажылық жасау айтарлықтай қымбаттап кетті. Алайда жұрт құдай жолына шығу үшін қаражат аяуға болмайды дейді. Арасында соғыс болып жатқан Судан азаматтары да бар. Олар намаз оқып, өз елдері мен бүкіл әлемде бейбітшілік орнауын тілеп отыр.
Муна Фадаллах, Судан азаматы:
- Суданда жағдай тұрақталады деген үміттеміз. Медина мен Меккеде де намаз оқып, осыны тіледік. Арафатқа барғанда да осыны сұраймыз.
Пәкістан
Айта кету керек, Сауд Арабиясының патшасы Салман соғыс қасіретін көрген мыңдаған палестиндікке қажылық жасауға қаражат бөліп келеді. Пәкістанда да биыл қымбатшылық тұрғындарды қос бүйірден қысып тұр.
Абдул Хамид, мал сатушы:
- Синд, Пенджаб және Белуджистан өңірлерінде су тасқынынан аурулар тарап, көп мал қырылды. Осының кесірінен қымбаттады.
Дегенмен, қандай қиындықты көрмесе де, халық осы қасиетті күндері болашаққа зор үмітпен қарап, бейбітшілік пен бақыт тілеп отыр.
Авторы: Бекболат Тұрмаханов