Кашмир аймағында мұздықтар жылдам еріп жатыр

7 миллионға жуық тұрғын қауіп-қатер аймағында өмір сүруге мәжбүр.

Біріккен Ұлттар Ұйымы осылай - деп дабыл қақты. Тау шыңындағы ғасырлар бойы қатып тұрған тоңның еруі алапат су тасқынына әкелуі мүмкін.

Пәкістандағы бұл аймақ "жердегі жұмақ" атанып кеткен. Бірақ климаттың өзгеруі тұмса табиғатқа әсер етіп, жер эрозиясын тудырды. Температураның жоғарылауы және жауын-шашынның жиі жаууы салдарынан мұздықтар еріп жатыр. Ал мал және егін шаруашылығымен күнелтіп жүрген тұрғындар су тасқынынан қорқып өмір сүруге мәжбүр.

Мұхаммед Лұқпан, тұрғын:

- Егер мұздықтар өткен жылы Гилгит-Балтистандағыдай жарылып кетсе және елде су тасқыны болса, демек, біз бәріміз қырыламыз.

Мұхаммед Рашид, тұрғын:

- Былтырғы су тасқыны көпірлер, тұрғын үйлер, жер бетіндегінің бәрін шайып кетті. Биыл тауларда қалың қар жауды. Егер мұздықтар биыл қайтадан бөлініп, су тасыса, онда тағы да былтырғы апат қайталанады деген сөз.

Пәкістанда 7 мыңнан астам мұздық бар. БҰҰ олардың еруінен 3000-нан астам көл пайда болғанын хабарлайды. Шамамен оның 33-і қауіпті деп танылды.

Сардар Мұхаммед Рафик, климаттың өзгеруі жөніндегі директордың орынбасары:

- Кашмир мұздықтары 2000 жылы 15 111 гектарды қамтыды. Алайда, 17 жыл ішінде аумақ шамамен 4000 гектарға қысқарды, яғни, мұздықтар белсенді еріп жатыр. Ғалымдардың зерттеуі бұл апаттың алдын алуға сеп болмай тұр.

Былтыр су тасқынынан аймақта 1700 адам опат болды. Ел аумағының үштен бірі су астында қалды. Ал тау шыңындағы мұздықтардың белсенді еруі жаңа апаттың қайталануы мүмкін екенін еске салып тұрғандай.

Авторы: Сымбат Ғалымжанқызы