Қазақстан мен Францияның медицина саласындағы байланысы жаңа деңгейге көтеріледі

Бұл туралы кос ел Денсаулық сақтау министрлерінің кездесуінде айтылды.

Жиында дәрі-дәрмек саясаты, кадр мәселесі мен жеке деректер қорымен жұмыс істеудің жолдары талқыланды.  

Сапар барысында  екі ел арасындағы маңызды жобалар туралы келіссөздер жүргізілді. Күн тәртібінде маман тапшылығы, телемедицинаның дамуы және жеке деректермен жұмыс істеу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек проблемалары көтерілді.    

Жером Вайнбах-Францияның Денсаулық сақтау және профилактика министрлігі делегатының орынбасары:

- Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау бағдарламаларына сәйкес,  ауруханалар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту үшін аянбай еңбек етіп жүрміз. Біздің сарапшылар  үнемі тәжірибе алмасып, түрлі зерттеу жұмыстарында тығыз қарым-қатынас ұстануға тырысады. Мәселен, біз өзге елдерге онкология, радиология, аппаратты диагностика әдістеріне қатысты мықты мамандарды даярлауға көмектесе аламыз. 

Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният медицина саласындағы мықты менеджерлерден құрылған делегациямен келді. Француз әріптестері оларға жергілілікті денсаулық сақтау жүйесін егжей-тегжей түсіндіріп, баяндап берді. Мамандар  бұл салада үнемі өзгерістер болатынын жасырмады. Қазір таңда Францияда медициналық көмекшілер даярлайтын институтты дамыту қолға алынған. Дәрігерлер қағаз бастылық жұмыстан босатылмақ. 

Бұл әлемге әйгілі Кюри институты, бұл жерде онкологиялық ауруларды емдеп қана қоймай, ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Сонымен қатар, бүкіл әлемге қажет  мамандар дайындалады. Протон терапиясы мұнда 10 жылдан астам сәтті жүргізіледі. Көп ұзамай қатерлі ісікті емдейтін бұл әдіс Қазақстанда да пайда болуы тиіс.

Ажар Ғиният – ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Астанада ең үлкен Ұлттық онкологиялық орталық ашылайын деп жатыр. Ол Орталықта инновациялық қазіргі заманауи ең жақсы деген технологиялар енгізілетін болады. Сол технологияларды енгізу үшін қазіргі мамандарды дайындауға осы Франция еліндегі институт көмектесуге дайын екенін білдірді. Сапар кезінде біздің мамандарымыз орталықтарға баратын болады.

Жалпы Қазақстан мен Франция арасында  медицина саласына қатысты байланыс бұрыннан бар. Бұған ауруханалар арасындағы серікстестік, эксперементалды жобалар, дәрігерлердің өзара қарым-қатынасы дәлел.

Дегенмен, соңғы жылдары екі елдің дипломаттарының қолдауымен ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу жаңа деңгейге аяқ басты. Болашақта  екі елдің денсаулық сақтау саласына қатысты қарым-қатынасын мемлекетаралық келісіммен бекіту жоспарда бар.

Авторлары: Мақпал Сержанқызы, Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан