Ұлыбритания мектептерінде Ұлттар күні ұлықталды

Ұлыбритания мектептерінде «Ұлттар күні» мерекесі аталып өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқушылар сыныптастарына өз мемлекеттері туралы ақпарат беріп, салт-дәстүрлерімен таныстырады. Ата-анасымен Лондонда уақытша тұрып жатқан қазақ балалары да осындай шараға қатысып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттады.

Ұлыбритания мектептерінде оқу жылы шілденің соңында аяқталады. Соңғы тоқсандағы айтулы шаралардың  бірі – Ұлттар күні. Бұл мерекеде оқушылар таңертеңнен ұлттық киімдерін киіп, сыныптастарына туған жерлері туралы ақпарат береді. Аулаға шығып, ата-аналарымен бірге дастарқан жаяды.

София Хасан, Сомали азаматы:

- Бауырсақ? Дәмі ерекше екен. Рақмет. Маған қатты ұнады. Бұрын-соңды мұндай ғажап нан жеп көрмедім. Ұлттық киімдеріңізді көріп те тәнті болдым.

Кәусар мен Алмасбек Қараман – ата-анасының жұмыс бабымен Лондонда уақытша тұрып жатқан қазақ балалары. Олар Хью-Миддлтон атындағы бастауыш білім беру мекемесінде 5 және 6-сыныпта оқиды. Мектептегі жалғыз қазақ ұлтының өкілдері. Лондондағы шетелдіктерге туған жерін насихаттап жүр. 

Хелена Мело, Ангола азаматы:

- Ұлттық киімдеріңіздің матасы мен ою-өрнегі өте ұнады. Дәстүрлеріңізді тамаша дәріптейді екенсіздер. Мен бұған дейін елдеріңізде ешқашан болған жоқпын. Бірақ Қазақстанның алманың отаны екенін және бұл жеміс түрін бүкіл әлемге таратқан мемлекет екенін білемін.

Ұлыбритания – көп ұлтты мемлекет. Мұнда негізінен ағылшын, шотланд, ирланд және уэльс халқы мекендейді. Олардан бөлек, бұрынғы отар мемлекеттерінен қоныс аударғандардың ұрпақтары және осында жұмыс бабымен келгендер тұрады. Мұнда тіл мен дін, дәстүрдің сақталуына ерекше мән беріледі.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.