Бішкекте Ш. Айтматовтың 95 жылдығына орай концерт өтті
Биыл аты әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың туғанына 95 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осыған орай Бішкекте Қазақстан мен Қырғызстанның өнерпаздары бірлескен концерт берді.
Ұлттық музыка, классикалық шығарма мен мың бұралған бишілер. Бішкек тұрғындары мұндай алуан түрлі жанрдағы кешті көптен бері тамашаламаған. Әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың мерейтойына орай ұйымдастырылған гала концертке жұрт көп жиналды. Екі ел өнерпаздары ән шырқап, би билеп, қос халықтың көшпелі мәдениеті мен рухы асқақтады.
Ақтоты Райымқұлова, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйым директоры:
- Жазушы дүниеден озар жылы «Жәмилә» атты симфониялық поэма жаздым. Үлкен симфониялық оркестрге арналған 40 минуттық күрделі шығарманың таныстырылымы Нью-Йорктегі Кеннеди орталығы мен Карнеги холында өтті.
Кеште Айтматов шығармаларынан үзінділер сахнадағы үлкен экранда көрсетіліп тұрды. Осылай кемеңгер жазушының ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан әдеби мұрасы паш етілді. Әнші күйшілердің қойылымына да жазушы туындылары арқау болды.
Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның халық әртісі:
- Қырғыздың еңбек сіңірген әртісі Улан Қашқанәлиев екеуіміз Ақбардың сөзіне жазылған «Қазақ-қырғыз бір туған» деген менің әнімді орындағанбыз. Бүгін де үлкен концерт болады. Онда жаңа әндер жаңа ырғақтар айтылады. Тағы айтарым, қазақ пен қырғыз арасы әруақытта тату-тәтті болсын. Алатаудың ар жағында қазақтар, бер жағында қырғыздар араласып, құрласып тұрайық.
Ұлы жазушыны еске алу кешінде Қырғызстанның Опера және балет театрынының симфониялық оркестрі өнер көрсетті. Тұран этно-фольклорлық тобымен бірлескен қойылымы көрермендерді бірден баурап алды. Қос ел шеберлерінің 2 сағатқа созылған гала концерті жиылған жұртты керемет күйге бөледі.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Бакыт Чермашев.