Оңтүстік Кореяда батареялар көрмесі өтті
Әлемде аккумулятордың өзі бір салаға айналатын түрі бар.
2050 жылға қарай аккумуляторды қайта өңдеуден түсетін табыс 460 миллиард доллардан асады деген дерек бар.
Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық көрмеде 150-ден астам компания өз инновацияларын ұсынды.
Күн панельдерінің үстіне сурет салып немесе ою өрнекпен әдіптеуге болады. Сыртынан қарағанға, ғимарат ағашпен немесе басқа материалмен қапталған сияқты болып көрінеді. Ал шын мәнінде бұл электр энергиясын өндіретін фотоэлектрлік материал. Панельдерді тіпті терезеге орнатуға болады. Ақылды құрылғы GPS-пен жабдықталған, сондықтан ол күннің ойысуына қарай бұрылады және жаңбыр жауған кезде автоматты түрде жабылады. Нарықта күн батареяларын тазалайтын роботтар да пайда болды. Оларды ұялы телефон арқылы басқаруға болады. Ал мына құрылғы линза мен айна арқылы су жылытады.
Пак Джу Бин, Geumchul Innovation компаниясының өкілі:
- Коллекторды суды жылыту немесе бу шығару үшін пайдалануға болады. Оның көмегімен теңіз суынан тұщы су алуға және жылыжайларда қажетті температураны сақтауға болады.
Кореяда электромобильдерді қуаттайтын станциялар көбейіп келеді. Бірақ әзірге олар жеткіліксіз. Ал электр скутерлерін зарядтау мәселесі жартылай шешілді. Жүргізушілер толық зарядталған аккумуляторды тәулік бойы жұмыс істейтін дүкендерден ала алады.
Владислав Цой, тілші:
- Электрмобильді сымсыз да қуаттауға болады. Ол үшін осындай құрылғыны көлік астына орнату керек. Егер әдеттегі электр көлікті станцияда қуаттауға 8 сағат қажет болса, 100 пайыздық сымсыз қуаттау небәрі 3 сағатыңызды алады. Уақыт үнемдеуге таптырмас құрал.
Электрлі көліктердің көбеюімен ескі батареяларды қайта өңдейтін компаниялардың саны артып келеді. Кореяда заң бойынша мұндай батареяларды 2025 жылдан бастап пайдалануға болады.
Ким Джин Хо, Кванджу қаласы ғылым және технология орталығының профессоры:
- Аккумуляторларды қайта өңдеу өте маңызды. Осыған назар аудару керек. Электромобильдердің саны өсіп аккумуляторлар өндірісі артып келеді. Сондықтан батареяларды қайта өңдеу нарығы айтарлықтай өседі. Егер біз көрші елдердің нарығында жұмыс істеуді көздейтін болсақ, онда олардан аккумуляторларды қайта өңдеуді де ойластыру керек, өйткені бұл бәсекеге қабілеттілікке әсер етеді.
Жақында Оңтүстік Корея үкіметі айналмалы экономика жобаларын ұсынды. Олар 9 салада, соның ішінде аккумулятор өндірісінде қалдықтарды пайдалануға арналған. Жоспар бойынша қайта өңделген батареялардың қауіпсіздігін тексеру жүйесі, сондай-ақ пайдаланылған батареялардан литий мен никельді қалпына келтіру технологиялары әзірленеді.
Авторлары. Владислав Цой, Ольга Лян