Америкалық зерттеуші Сара Камерон Арал мәселесін зерттеуге кірісті
«Аштық жайлаған дала» кітабының авторы, белгілі америкалық зерттеуші Сара Камерон Арал мәселесін зерттеуге кірісті.
Вашингтондағы біздің тілшімізге сұхбат берген профессор «Арал тағдыры» туралы батыс тұрғындары көп біле бермейді, сондықтан қызық әрі үлгі боларлықтай адам тағдырымен байланыстарамын дейді. Әлемдегі ең үлкен 4-ші теңіздің тартылып қалуына не себеп: салдары қандай деген тақырыпқа үңіліп көрмек.
АҚШ-тағы Мэриленд Университетінің профессоры, тарихшы Сара Камерон «Арал теңізінің тартылуы: себебі мен салдары» деп аталатын зерттеуге кірісті. Таяуда Қазақстанға арнайы барып, Аралдың маңындағы ауылдың жұртшылығымен кездескен. Теңіздің біртіндеп жоғалған көріністерін НАСА-ның суреттерінен көпшілігі жақсы біледі. Бірақ мені сол жердегі адамдар тағдыры көбірек қызықтырады дейді.
Сара Камерон, АҚШ Мэриленд университеті тарих кафедрасының профессоры:
- Меніңше Арал оқиғасына келгенде адамдар жайлы көп айтылмайтыны үлкен мәселе. Сондықтан кітабымда осыған басымдық бергім келеді. Жергілікті тұрғындарға қалай әсер етті және олар қалай бейімделді. Зерттеуімнің ең қызықты бөлігі Арал теңізі мен қазақ мәдениетінің өзара байланысы туралы болмақ. Бұл туралы әнде, кітапта, фильмде көп айтылады. Адамдар теңізге құрметпен қарай бастады. Зерттеуімде денсаулыққа тиген салдары, әйелдер мен балаларға әсеріне тоқталамын. Ең алғаш мәселені ашық көтеріп, Мәскеудің назарын осы мәселеге аударғандар әйелдер болғаны да қызықты факт деп ойлаймын.
Қызылорда облысының мұрағатынан бастап, президенттік және мемлекеттік архивтерді сүзіп шыққан Сараның жоспары көп. Арал мәселесімен айналысатын халықаралық ұйымдармен де тығыз байланыста. Зерттеушінің байқағаны осы көбедей көп ұйымдардың арасында өзара тығыз әріптестік жоқ. Үйлестіру мәселесіне назар аудару керек деп есептейді. Арал дағдарысы бір елдің ғана емес Өзбекстан мен Түркіменстан үшін де үлкен проблема. Әсіресе Түркіменстанның солтүстік аймағынан көтерілетін улы желдің салдарын азайту керек. Сондықтан АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі Қазақстанды сексеуіл егу бағдарламасын бастауды сұрап отыр, дейді.
Сара Камерон, АҚШ Мэриленд университеті тарих кафедрасының профессоры:
- Меніңше, Қазақстан тарапы техникалық жағынан алғанда бөгет салу, ағаш отырғызу сияқты қыруар жұмыстар атқарған сияқты. Дегенмен, қазіргі талдауым бойынша, медициналық және денсаулық сақтау саласын жақсартуға әлі көп мүмкіндіктер бар.
Денсаулық проблемаларының себебін анықтау маңызды. Оған шаңды дауыл әсер ете ме? Олай болса, жел қатты тұрғанда жұртты үйде отырғызу үшін коменданттық сағат енгізу керек шығар. Әлде сапалы медициналық көмек керек пе? Бұлар қосымша зерттеуді қажет етеді.
Зерттеуші «Арал тағдыры» туралы кітап Батыс оқырмандары үшін үлкен қызығушылық тудыратынына сенеді. Өйткені қазір АҚШ та климаттың өзгеруінен осыған ұқсас көптеген мәселелге тап болды, дейді. Сондықтан Арал оқиғасынан қандай сабақ аламыз, неге көбірек назар аударуымыз керек деген сияқты маңызды сұрақтарды қамтымақ.