Францияда бозбаланың өлімі бүлік тудырды. Шартарап
Франциядан 3 күннен бері тыныштық қашты.
27 маусымда көлік тізгіндеген жасөспірімді полиция атып өлтіргеннен кейін жаппай тәртіпсіздік басталды. Ел астанасы Париж бен бірнеше ірі қалада наразы топ ғимараттарды қиратып, өрт қойып, полициямен қақтығысты. Бүлікшілердің көздегені не?
Расында, келер жылы Жазғы Олимпиада өтетін елден тыныштық кетті. Қалың бұқара атышулы істі әділетті жүргізуді талап етіп жатыр. Тіпті кейбір шерушілер 17 жастағы «Нахель үшін кек аламыз» деп жазылған плакаттар ұстап алған.
Атыс болған Нантер қаласы Парижден 11 шақырым жерде орналасқан. Онда 90 мыңдай адам тұрады. Жергілікті тұрғын түсіріп алған мына бейнежазбаны «Рейтер» агенттігі таратты. Одан 2 полицейдің көлікті тоқтатқанын және жеткіншектің ары қарай жүріп кеткенін көруге болады. Нантер прокуроры бастапқы тергеу нәтижесін жариялады.
Паскаль Праче, Нантер қаласының прокуроры:
- Оққа ұшқан жігіт жаяу жолмен заңсыз жүріп, жаяу жүргінші мен белсебетшінің өміріне қауіп төндірген. 2 сақшы жүргізушіні тоқтатып, көлікті өшір деп бұйырған. Бұған құлақ аспаған ол көлікті ары қарай жүргізе бергенде, полицей бір рет оқ атқан. Офицер алғашқы көмек көрсетуге тырысқан. Бірақ жеткіншек жан тапсырды. Негізі қару заңсыз қолданылған. Тергеу мен біз жинаған материалдар осыны айғақтап отыр. Соттың да ұстанымы осындай. Оқ атқан полицей уақытша қамауға алынды.
Прокурор оққа ұшқан жеткіншектің бұрын да бірнеше рет жол ережесін бұзғанын айтады. Бұл жолы қасында тағы 2 адам болған. Біреуі жауап алынғаннан кейін босатылған. Ал үшіншісі іздестіріліп жатыр.
Паскаль Праче, Нантер қаласының прокуроры:
- Қайтыс болған жеткіншек 2006 жыл туған. Ол бұған дейін де бірнеше жол ережесін бұзған. Соңғы рет 25 маусымда Нантер сотында жауап берген. Қыркүйекте сотқа қайта келуі керек болған.
Мерт болған жігітті танитындар тергеушілердің мәлімдемесімен кепіспейді. Нантерде мыңдаған адам шеруге шықты. Ереуілшілердің арасында жергілікті шенеуніктер де бар. Наразы топқа Нахельдің анасы да қосылды.
Мохамед Жакуби, Нахельдің көршісі:
- Нахель өте мейірімді болатын. Ол жауыз, басбұзар болған емес. Ол туралы ақпарат құралдарының айтып жатқаны жалған. Оған анасы жақсы тәрбие берді. Қыршын кетті ғой. Иә, ол жол ережесін бұзды, қашып құтылғысы келді. Бірақ сол үшін оны атпауға болар еді ғой.
Карима Хатим, әкімшілік қызметкері:
- Нахельдің кінәсіздігін бейнекамералар анық көрсетіп тұр. Егер осы камералар болмағанда, «Ол бұған дейін де ереже бұзып, полицияға ұсталған» деп бұл істі жылы жауып қоя салар еді. Полицейлерге неге көп қару беріледі? Менің ойымша, тәртіп сақшыларының жүйкесі жұқарған, оларды оқыту керек, оларға адам жетіспей жатыр. Полицейлердің іс-әрекеті бақылаудан шығып барады. Сондай-ақ тәртіп сақшыларының арасында нәсілшілдік бар. Жұмысшы тап тұратын аудандардағы жағдай қатты ушығып кеткен. Осының бәрін ашық талқылап, шешу жолдарын іздеп-табуымыз керек.
Биыл Францияда полицияның қолынан 2 адам бақилық болған. Жол ережесін бұзған олар сақшының талабына құлақ аспаған. Ал былтыр осындай жағдайда 13 кісі көз жұмған. «Рейтер» агенттігі оққа ұшқандардың көбі қара нәсілді немесе араб ұлтынан дейді.
- Мұндайда не айтарыңды да білмейсің. Полиция тоқта десе, тоқтау керек қой. Қайтыс болған жігіт «тоқта» дегенге қарамай, зымырап бара жатқан. Кісілерді қағып өлтірсе, не болады?! Олай болуы мүмкін еді ғой. Бірақ баладан айырылу жаман. Ата-анасына обал.
- Полицейлер бұлай жасамауы керек. Негізі, менің ойымша, екі жақтың да кінәсі бар. Басты жауапкершілік мемлекеттің мойнында. Бүлікпен ештеңе шешілмейді. Билік жастармен тіл табысып, жұмысты күшейтуі керек. Мүмкін жастар үшін жұмыс орындарын көптеп ашу керек шығар.
Көп жерде ереуілдердің соңы тәртіпсіздікке және қақтығысқа ұласты. Полиция көзден жас ағызатын газ шашуға мәжбүр болған. Жалпы 2 мың көлік пен 500-дей ғимаратқа зақым келген. Осы сәтке дейін 900-ге жуық адам қамауға алынды. Олардың жартысы Парижде ұсталған. Сондай-ақ 249 жандарм жарақат алды. Франция президенті Эммануэль Макрон бүгін Брюссельде Еуроодақ саммитіне қатысуы керек болатын. Бірақ шұғыл елге оралды.
Эммануэль Макрон, Франция президенті:
- Жас жігітттің өлімі үлкен толқу тудырды. Енді бәрін сабырға жеңдіріп, тыныштық сақтайтын кез жетті. Үкімет үнемі осыған үндеп жатыр. Полиция учаскелеріне, мемлекеттік мекемелерге, мектептерге шабуыл жасалды. Бұл әрекеттерді еш ақтауға болмайды. Ғимараттарды қорғап жүрген барлық адамдарға алғыс білдіремін. Толық тұрақтылықты орнатуға күш салуымыз керек.
Франциядағы бүліктен кейін көршілес Бельгияда да тәртіпсіздіктер басталды. Еуропалық басылымдардың хабарлауынша, Брюссельде қауіпсіздік күшейтілген. Сарапшылар бүгінгі түн оңайға соқпайды деп болжайды. Өйткені қазірдің өзінде Франциядағы ірі қалалардың көшесіне 40 мыңнан астам полицей шығарылды. Ашынған, наразы топтың да қарасы көбейіп жатыр. Көп ұзамай Макрон арнайы құрылған дағдарыс штабының отырысын өткізуі тиіс. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі басқармасы «Франция құқық қорғау органдарындағы асқынған нәсілшілдікпен күресті күшейтуі керек» деп мәлімдеді. Біз өз тарапымыздан алдағы жылы Жазғы Олимпиада ойындары өтетін елде тез арада тыныштық орнағанын тілейміз.