Адамсыз басқарылатын алғашқы радиостанция жұмысын бастайды
Германияда жасанды интеллект жүргізетін алғашқы радиостанция іске қосылады.
Жаңалықтар, бағдарламалар, ауа райы болжамы: барлық контентті компьютер дайындайды. Келешекте роботтар есепші, аудармашы, дизайнер сынды мамандықтардың орнын басуы мүмкін. Неміс қоғамы жасанды интелектіні қалай қабылдап жатыр?
Германияда жасанды интеллект медицина, білім беру сияқты салаларда күрделі мәселелерді шешуге көмектесіп жатыр. Сарапшылар компьютерлік бағдарламалардың келешегі зор дейді. Бірақ оның кері тұсы да бар. Жаңа технология көбейсе, азаматтар жұмысынан айырылып қалуы мүмкін.
Роберт Харари, "Стивенс" технологиялық институтының профессоры:
- Жасанды интеллектті қолдану өте жылдам жүруде. Адамдар өздері үшін үнемі жаңа дүниелер ашып жатыр. Мұның соңы неге әкелетінін болжап айту қиын. Мүмкін кей мамандар жұмыссыз қалатын шығар. Өйткені жұмыс беруші оларды компьютермен алмастыра бастауы мүмкін. Бірақ адам еңбегінің маңыздылығын жоғалтпайды деп ойлаймын.
Дегенмен, еңбек нарығы жаңа өзгерістерге бейімделіп жатыр. Әлемнің өзге елдерінде сияқты Германияда да көптеген компания роботтарды барынша көп қолдануға көше бастаған. Мәселеге тұрғындардың көзқарасы әртүрлі.
Бен, Берлин тұрғыны:
- Жасанды интеллект көп салада қызметкерлерді қысқартуға әкелуі мүмкін. Бірақ оны қолданумен жаңа жұмыс орындары да ашылатын шығар. Мысалы медицинада компьютердің арқасында көп мүмкіндік пайда болды. Менің өзім құрылыс саласының инженерімін. Сондықтан бұған үлкен үмітпен қараймын.
Жозеф, саяхатшы:
- Әрине жасанды интеллектің артықшылғы көп болуы мүмкін. Бірақ ол адамдардың жұмысынан айырылуына әкелуі ықтимал. Бұл процесті бақылау қажет. Мен зейнеткермін. Одан маған келіп кетер зиян жоқ. Дегенмен жасанды интеллект медицинаны дамытуға көмектесе алады деп ойлаймын. Мысалы сал болып қалған жандардың қайта тұрып кетуіне қажет чиптер жасауда.
Бірақ жасанды интеллектті адамдардың барлығы бірдей қолдап, зор үміт артып отыр деуге келмейді. Жақында Германиядағы ірі басылымның бірі - "Билд" газеті өз қызметкерлерінің бір бөлігін жасанды интеллектпен алмастыратынын жариялады. Мәселе қоғамда қызу пікірталас тудырды.
Рейчел, Берлин тұрғыны:
- Мен дизайнермін. Менің саламда жасанды интеллекттің бірнеше секунд ішінде көп тапсырманы орындай алатыны көзіммен көрдім. Бірақ адамдар өзінің шығармашылық қабілетімен ерекшеленеді. Дегенмен заман өзгеріп жатыр. Сауда орындарында кассалар барған сайын автоматтандырылып жатыр. Тауарды онлайн тапсырушылар артты. Осы себепті бұл үрдіс жалғаса береді деп ойлаймын.
Қазір басылымда қазір 1 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Газеттің 12 миллион тұрақты оқырманы бар. Ақпаратқа қарағанда басылым 200-дей қызметкерін қысқартуы мүмкін. Бірақ газет басшылығы технологияны тек пайдалануға болатын орындарда қолданамыз деп сендіруде. Жергілікті журналистер қауымадастығы басылымның жоспарын сынға алды.
Дәурен Ақашұлы, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский