Түркияда Құрбан айтта туризм жанданды
Түркиядағы Құрбан айтқа байланысты берілген 9 күндік демалыста туризм жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Елдің курорттық аймақтарындағы демалыс орындары 100%- ке толды.
Теңіз маусымы, білім беру ошақтарының демалысқа шығуы және Құрбан айтқа байланысты берілген 9 күндік демалыс туризм саласына серпін берді. Қымбатшылыққа қарамастан қонақ үйлер мен жалдамалы тұрғын үйлердің дені адамға толы.
Эрди Йылмаз, мейрамхана қожайыны:
- Құрбан айт демалысы туризмге расымен серпін берді. Кәсіп иесі ретінде қуаныштымыз. Барынша туристердің көңілінен шығуға тырысып жүрміз. Бағалар былтырға қарағанда өскен. Бұған тасымал мен басқа да бізге тиісті қызметтердің өсуі себеп. Дегенмен қонақтарымыз бір жыл бойы осы демалыс үшін қаражаттарын жинап келген.
200 мыңға жуық тұрғыны бар Бодрумға 1 млн-ға жуық демалушы ағылды. Ал Анталияның Кемер мен Белек секілді курорттық аймақтарында халық саны 15 есе артқан. Салдарынан аталған шаһар тұрғындары мен қонақтары жол кептелісінен қиналып жатыр.
Мехмет Кескин, турист:
- Демалыс орындарының бағасы ұшып тұр. Бірақ біз отбасымызбен қыста қамданып, жолдама алдық. Қазіргі бағамен салыстырған 2-3 есе арзан. Демалыс таяп қалғанда алған таныстарымыздың қалтасына ауыр тиді. Дегенмен оларды күштеп мұнда ешкім әкелген жоқ қой. Сондықтан көрпеге қарап көсілу керек.
Түркия биыл 60 миллион туристі қабылдап, аталған сектордан 56 миллиард доллар табыс табуды көздеп отыр. Осы мақсатта туризмді дамыту үшін үкімет кәсіпкерлерге төмендетілген процентпен несие ұсынып жатыр. Мемлекеттік қолдауға ие болғандар өз ісін дамытуға мүмкіндік алады.