Германияда жоғары білікті шетелдік маманға мұқтаждық артты
Германияда жоғары білікті шетелдік мамандарға мұқтаждық артып, миграциялық заң талаптарына өзгертулер енгізілді.
Олар шетелдіктердің жұмысқа орналасу процессін жеңілдетуге бағытталған. Екі қолға бір күрек іздегендер бірқатар талапқа сай болуы тиіс. Бастысы кәсіби біліктілік, неміс тілін білу және бастапқы кезде өмір сүруге жетерлік қаржысын растауы шарт. Туристік визамен келген шетелдік азаматтар да ыңғайлы жұмыс тауып жатса еңбек етуіне рұқсат беріледі. Германияда, дәрігер, айти маманы, инженер, мұғалімдерге сұраныс жоғары.
Тина Путцар, компания өкілі:
- Еліміздегі кадр тапшылығына демографилық фактор әсер етіп отыр. Қазір жұмысқа орналасып жатқандардың дені зейнеткерлер. Берлин мен өзге аймақтардың еңбек нарығында ұсыныс көп. Технологиялық компаниялар жоғары білімді мамандарды іздейді. Мысалы, біздің бірлестігімізге айти өкілдері керек. Шетелдіктерге жұмысқа орналасуы үшін виза алуына көмектесуге дайынбыз.