Кванджу қаласында жаңа технологиялар көрмесі өтті
Экологиялық таза көлік, дрондар, ақылды тұрмыстық техника мен роботтар.
Мұның барлығы Кванджу қаласында өндіріледі. Мегаполисте шығарылатын жаңа технологиялар көрмеде көрсетілді. Оған 300-ден астам компания қатысты.
Кванджу Кореяның технологиясы дамыған өңірі деген атақты алу үшін күресіп жатыр. Мұнда жасанды интеллект кешені мен академиясы салынды, оқу орнында 600-ден астам бала оқиды. Жергілікті автозауыттар бірте-бірте экологиялық таза көліктер шығаруға бет бұруда.
Владислав Цой, тілші:
- Бұл көлік пациентті тасымалдауға арналған. Ол адам отырғанда ғана қозғалады. Науқастың қауіпсіздігі үшін құрылғы сағатына 10 шақырым жылдамдықпен жүреді. Көлік алға және артқа жылжиды. Осы құралғыны басып қалған жеріңізге жетесіз.
Көрмеде Кванджу қаласында шығарылған ақылды тұрмыстық техника көрсетілді. Мына құмырада үйде өсімдік өсіруге болады. Оның сыры күн сәулесін алмастыратын шамында. Мегаполис ұшқышсыз көліктерді сынақтан өткізетін алаңдардың саны бойынша да елде көш бастап тұр. Жақында бұл жылжымалы дүкен сынақтан сәтті өтті.
Ли Ен Хун, онлайн сатылымы бойынша маман:
- Мобильді қосымшаның көмегімен сіз өнімге тапсырыс бере аласыз және біздің жүргізушісіз электркөлік тауарды сіздің үйіңізге дейін жеткізеді. Тауарды өндірістік аймаққа, ауыл мен таулы жерлерге жеткізуге қауһарлы. Ол сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Бір қуаттап алса, 180 шақырымды еңсере алады.
Жергілікті инженерлер өрт сөндіретін дронды ойлап тапты. Ол нағыз тікұшақтан тек көлемі жағынан ғана ерекшеленеді.
Ко Ген Ван, дрон шығаратын компания директоры:
- Кәдімгі тікұшақ өрт сөндірген кезде кейде қайғылы оқиғаларға әкеледі, сондықтан дронды пайдалану қауіпсіз. Сіз оны 100 шақырымға дейінгі қашықтан басқара аласыз. Ол бензинмен жүреді. Болашақта гибридті қозғалтқыш жасауды көздеп отырмыз.
Әзірге Кореяда жылжымалы дүкен мен өрт сөндіруге арналған дронды пайдалану мүмкін емес. Заңнамаға өзгеріс енгізу керек. Елде 2-3 жылдан кейін ұшқышсыз әуе көліктерінің жұмысын реттейтін нормалар әзірленбек. Ал өртке қарсы дроның ұшуына ешқандай шектеулер жоқ. Үкімет коптерлерді АҚШ-қа экспорттауды жоспарлап отыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян